Соңғы кездері оқырмандар көлік салығының есептелуіне қатысты «АЖ» редакциясына көп жүгінеді. Олардың пікірінше, салық қызметкерлері баяғыда сатылып кеткен көліктер үшін ақы төлеуді заңсыз талап етеді. Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Жәнібек НҰРЖАНОВ редакция сауалына жауап берді.
«Салық кодексінің 490-бабының 1-тармағына сәйкес, меншік құқығында салық салу объектілері бар жеке тұлғалар көлік құралдары салығын төлеушілер болып табылады. ІІД әкімшілік полициясы басқармасының мәліметтеріне сәйкес, бас сенімхатпен сатылған көлік құралдары иелерінің меншік құқығынан алынып тасталмайды. Яғни, сенімхат арқылы сатып алған автокөлік құралдарын сатып алушы әрі қарай өз атына рәсімдемесе, онда салық жыл сайын бұрынғы иесінен заңды түрде алынып отырады».
Сонымен қатар, Ж. Нұржанов, оның айтуынша, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі «жалған» ақпараттарға түсінік берді:
«Соңғы кездері 1 қазаннан бастап жеке тұлғаларға мүлік салығын, жер салығын және көлік салығын уақытында төлемегені үшін үлкен айыппұлдар салынатындығы туралы, сонымен қатар, салық қарызы бар жеке тұлғаларға барлық банк қызметі көрсетілмейді деген сыбыс тарады. Жауап берейік:
1. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде мүлікке салынатын салықты, жер салығын және көлік салығын уақытында төлемеген жеке тұлғаларға айыппұл санкциялары қарастырылмаған. Салықтарды уақытылы төлемеген жағдайда, тек өсімдер қарастырылған.
2. Шынында да, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап салық заңнамасына екінші деңгейдегі банктерге салық берешегі, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар салық төлеушіге (заңды тұлға, жеке кәсіпкер және жеке тұлға) банк шотын ашудан бас тартуды міндеттейтін өзгерістер енгізілген.
Алайда, бұл норма мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерге арналған банк шоттарына және «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» ҚР Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақ шоты туралы шарт бойынша банк шоттарына қолданылмайды.
Яғни, егер банк шотын жеке тұлға осы мақсаттар үшін ашатын болса, онда банк мұндай жеке тұлғаның салықтық қарызы болса да, оны ашудан бас тартуға құқылы емес».
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ