Атырауда «Сұлулық әлемді құтқарады» тақырыбымен халықаралық суретшілер симпозиумы өтіп, оған Қазақстан мен шетелдің 30-дан астам қыл қалам шеберлері жиналды. Олар Атырау мемлекеттік университетінде болған ғылыми конференцияға қатысып, «Ретро парк» саябағында АМУ-дің өнер факультетінде оқитын студенттер мен оқушыларға шеберлік сағаттарын өткізді.
Атыраудағы симпозиум идея авторы - Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Камила ЖАПАЛОВАНЫҢ айтуынша, ол көп елдерді аралап, сол жақтың суретшілерімен достық қатынас орнатқан.
Бұл Атырауда халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жатқан алғашқы симпозиум. Бұндай симпозиум жыл аяғына дейін Кипр, Әзірбайжан, Қытай елдерінде де өтетін болады. Оған Қазақстанның қылқалам шеберлері де қатысады, - дейді Камила Жапалова.
Рустам ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, Өзбекстан:
- Атырауды алғаш көруім. Шеберлік сағатына жиналған қала тұрғындарының сурет өнеріне деген қызығушылығы ерекше шабыт берді. Ретро паркке таңертең келгенмін, түске дейін бір туындымды аяқтадым. Өмірде еш нәрсе мәңгілік емес қой. Біз кетеміз, қала өзгереді, ал бұл суреттер музей қорында тарих болып қалады.
Шара барысында Атырау қаласы әкімдігі ТҮРКСОЙ халықаралық түркі мәдениеті ұйымымен осындай симпозиумдарды кезек-кезек екі елде өткізу туралы меморандумға қол қойды. Осылайша, келесі жылы атыраулық суретшілер Анкара төрінде бас қосады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор