АҚШ президенті Дональд Трамп пен вице-президенті Майк Пенс Қытай үкіметін АҚШ-тағы сайлау нәтижесін өзгертуге тырысты және президент Трампты биліктен кетіруге әрекет жасады деп айыптады. Бұл туралы АҚШ басылымдары мен әлемдік ықпалды ақпарат құралдары хабарлады.
Танымал WSJ басылымының бұл туралы хабарында, Ұлттық барлау басқармасының директоры Даниел Коутске(Daniel Coats)3 сенатордың жазған хаты көрсетіледі. Хатта сенаторлар: «Президент Трамптың бұл айыптауында қандай негіз бар? Барлау басқармасының Бейжіңге қаратқан мәмілесімен сәйкес келе ме?», – деген сұрақтарды қойған. Бұдан тыс, айыптаудың нақты фактілерін жария етуді талап еткен.
Пенстің 4 қазан күнгі АҚШ-Қытай қарым-қатынасы туралы мәлімдемесінде, Трамптың сөзін растап: «Біздің тәжрибелі барлау қызметкеріміздің айтуынша, Қытай үкіметі Трамптың орнына басқа біреуді әкеліп отырғызуға құпия жұмыстарын бастап кетті», – деген. Ол, сондай-ақ, Қытай үкіметінің астыртын әрекеттерімен салыстырғанда Ресей хакерлерінің сайлау ісіне араласуы ештеңе де емес екенін айтқан.
Бұған дейін АҚШ үкіметі Ресейді демократиялық сайлау ісіне араласқаны үшін айыптап, тіпті сол үшін санкция жазасын тағайындап та келген еді. Алайда, Трамп пен Пенстің жаңа айыптаулары Қытай үкіметінің астыртын әрекеттерін тіпті де қауіпті деп тапты. Бұл екі ел арасындағы шиеленістің отына май құйғанмен бірдей болды.
Айта кетейік, Трамп пен Пенстің Қытайға қарсы айыптау сөздері мемлекеттік хатшы Помпеоның Қытай сапарынан бірер күн ғана бұрын жария болған. Ал, бүгін Помпео Бейжіңде Қытай үкіметінің жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесу өткізді.
Дереккөз: qazaqtimes.com