Атырауда қалалық қоғамдық көлік желісіне қосылған 20 жаңа автобустың таныстырылымы өтті. Барлығы да №14 маршрутта жүреді және электрондық төлем жүйесімен қамтамасыз етілген.
Жаңа автобустарда жолақыны ұялы телефоннан смс хабарлама жіберу арқылы, «SmartQala» мобильді қосымшасын пайдаланып, QR код арқылы және арнайы локалды картамен жүргізуге болады. Арнайы локалды карталар қаладағы ойын-сауық орталықтарынан немесе кондукторлардан алуға болады.
«Смарт-Атырау» КММ директоры Әділбек ТАНКИЕВ:
- Сондай-ақ, алдағы уақытта жолаушылар кез келген NFC-технологиясы бар банкомат карточкалары арқылы төлем жасауға мүмкіндік алады. Жыл аяғына дейін 80 жаңа автобус сатып аламыз. Оларды xалық ең көп пайдаланатын №12, №2, №30, №4 маршруттар желісіне қосамыз. Әзірге xалық электронды төлемге үйренгенше, жол ақысы 80 теңге болады. Алдағы уақытта қолма қол төлеуді 150 теңгеге дейін өсіреміз.
"Deo -217"автобустары Семейде орналасқан зауытта құрастырылған. Көліктерде 21 орындық, оның екеуі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған және тұруға арналған 75 орны бар. Қоғамдық көлік ұзындығы - 11 метр.
Жаңа электрондық жүйе басталысымен кондукторлар да өз жұмыстарының біраз жеңілдейтінін айтады.
Енді тиын санап жүрмейміз, аппаратқа соғып халық жолақыны өздері төлейді. Дегенмен біз жолаушылардың төлеген-төлемегенін тексеріп жүреміз.,- дейді 11 жыл автобустарда кондукторлық қызмет атқарған Бибігүл АРЫСТАНҒАЛИЕВА.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор