Қытай 1 қарашадан бастап 1585 өнімнің импортына баж салығын азайтады. Бұл – сырттан әкелінетін тауарлардың бестен бір бөлігі. Бұл ақпаратты елдің мемлекеттік кеңесі жанындағы кедендік салықтар жөніндегі комитеті жариялады.
Осылайша тоқыма бұйымдары, құрылыс материалдары, керамикалық және шыны бұйымдар, металл, электротехникалық жабдықтар мен шикізат тауарларының тарифі төмендетіледі. Кедендік салықтар орташа есеппен 10,5-дан 8 пайызға дейін азайтылады.
Сырттан әкелінетін тауарлардың тарифін біртіндеп төмендету мәселесін биыл Қытай төрағасы Си Цзиньпин Боаода өткен Азиялық форумда айтқан еді. Бастама елдің реформалар мен ашықтық саясатының жаңа сатысына көшкенін білдіреді. Үкіметтің мақсаты – Қытай нарығына шығатын шетелдік компанияларға жеңілдік жасау және ішкі тұтынуды ынталандыру үшін импорт көлемін арттыру. Сарапшылардың айтуынша, Қытай өз нарығына сауда серіктестерінің көбірек келгенін қалап отыр.
Цюй Цян, Қытай халықтық университеті жанындағы қаржы мектебінің профессоры:
- Менің ойымша, Қытай дүниежүзіне өзінің ашықтық саясатын ұстанып отырғанын жария қылып, оны дамытуға ынталы екенін білдіріп жатыр. Боао форумында төраға Си Цзиньпин әлемге осындай уәдесін берген болатын. Бұл дегеніміз – Қытай өз міндеттемесін орындайды деген сөз. Біз әлемдік саудадағы климаттың құбылғанына қарамастан өз саясатымызды өзгертпейміз.
Дегенмен тарифтер соғысының әсері де белгілі бола бастады. Мәселен, Қытай мен АҚШ-тың арасындағы сауда балансындағы тапшылық одан әрі артып отыр. Аждаһа еліне АҚШ-тан әкелінетін азық-түліктің көлемі 9,5% пайызға азайған. Жалпы америкалық экспорт 1,6% түскен. Бұл мұхиттың ар жағынан келетін сояға Қытайдың тарифті көтеруінен болған.
Дереккөз: 24.kz