Гаага соты Чилиді Боливиямен Тынық мұхитқа шығу жөнінде келіссөз жүргізуге міндеттеуден бас тартты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бірақ Боливия президенті Эво Моралес халықаралық орғанның бұл шешіміне қарамастан күресін жалғастыра беретінін жеткізді. Жалпы Чили мен Боливия арасындағы дау XIX ғасырдан бері жалғасып келеді. 1879-1883 жылдары Боливия көрші елмен соғысып, мұхитқа шығу құқығынан айырылған еді. 1904 жылы екі жақ арадағы шекарасын мықтап бекіткен. Содан бері ресми Сантьяго Ла-Пастың теңізге шығуына мүмкіндік бермей келеді. 2013 жылы Боливия осы мәселені шешу үшін Гаагадағы халықаралық сотқа шағым түсірген болатын.
Эво Моралес, Боливия президенті:
- Мен Боливияға қатысты халықаралық соттың шешімін әділетсіз деп санаймын. Осыған сәйкес, тиісті наразылық хатын жолдауды көздеп отырмын. Сот оны қайта қарайды деген үміттемін.
Дереккөз: 24.kz