«АЖ»-ға «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның артықшылық берілген акцияларының иегерлері - бірнеше Атырау тұрғыны хабарласты. Олар компанияның өз акцияларын сатып алу туралы ұсыныстарынан бас тартып отыр. Мұның алдында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық бас компаниясының өндіруші және мұнайсервис компанияларын тікелей басқаруға көшетіндігі туралы хабарлама жария болған еді. Тиісінше, жақын арада ҚМГ БӨ қызметі дербес шаруашылық субъектісі ретінде тоқтатылады.
«БАЛАЛАРЫМ МЕН НЕМЕРЕЛЕРІМЕ ҚАЛДЫРҒЫМ КЕЛЕДІ»
10 тамызда «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ «ҚМГ БӨ» Директорлар кеңесі компанияның артықшылық берілген акцияларын бір данасын 12 800 теңге бағамен Қазақстан қор биржасында сатып алу бағдарламасын бекіткенін хабарлады. Сатып алу 2018 жылдың 13 тамызынан 16 қарашасына дейін жүргізіледі. Бұған дейін жай акция және жаһандық депозитарлық қолхат (ЖДҚ) иелерінің көпшілігі өз акцияларын сатып алу туралы ұсынысты қабылдаған болатын, соның нәтижесінде ҚМГ ҰК қазір компанияның айналымдағы барлық акциясының 95,4%-ына ие.
Артықшылық берілген акциялардың иесі, зейнеткер Сатыбай ДҮЗБАЕВ не себепті оларды сатуға тиіспін деп сұрақ қояды, өйткені кезінде компания оларды көп жыл еңбек еткен өз қызметкерлеріне сыйға тартқан еді:
- Біз ол жерде ұзақ уақыт жұмыс істедік, мен, мысалы, 40 жылдан астам уақыт еңбек еттім, бұл акцияларды иеленуге лайықпыз. Мен оларды балаларым мен немерелеріме мұраға қалдырғым келеді. Әрине, әркім өзі шешеді ғой, бірақ өз басым сатпаймын.
«АЖ»-ға жүгінбес бұрын артықшылық берілген акциялардың бірнеше иесі, оның ішінде С. Дүзбаев ҚР Президент әкімшілігінің сол кездегі басшысы Ә.Жақсыбековке, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаевқа және «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» АҚ басқармасының төрағасы А.Есімовке хаттар жолдаған. Өзге нәрселермен қатар, олар бүгінгі артықшылық берілген акцияларды жай акцияларға қарағанда арзан бағамен сатып алып жатқандығына наразылық білдірді. Сонымен қатар, хат авторлары «жай акциялар негізінен қытайлық және басқа шетел қорларына тиесілі болды, ал артықшылық берілген акциялардың иелері - ел резиденттері - компанияның қызметкерлері, отандық заңды тұлғалар және жеке тұлғалар» деп есептейді.
«АКЦИОНЕРЛЕРДІҢ ӨЗДЕРІ ШЕШЕДІ, БІРАҚ САТҚАНДАРЫ ЖАҚСЫ»
«АЖ» «ҚМГ БӨ» АҚ-на редакциялық сауал жолдап, төмендегі жауаптарды алған еді.
- Иелері сатудан бас тартып отырған артықшылық берілген акцияларға қатысты не болады?
- Сатып алу бағдарламасы аяқталғаннан кейін артықшылық берілген акцияларды делистинг жасау (акцияны биржа тізімінен шығару) жоспарланып отыр, тиісінше олар бойынша сауда-саттық тоқтатылады, яғни, енді акционерлер Қазақстан қор биржасында өз акцияларын сата алмайды. Әрі қарай, ҚМГ БӨ қызметін тоқтатқаннан кейін, қарапайым және артықшылық берілген акциялардың барлығы акционерлік қоғамдар туралы заңдарда белгіленген тәртіппен күшін жоюы тиіс. Мұның бәрі жақын арада компания қызметінің тоқтатылатындығымен байланысты. Шешімді акционерлер қабылдайды, бірақ қазіргі жағдайда сату – акция иелері үшін оңтайлы шешім.
- Кейбір акция иелері ұсынылған бағаны өте төмен деп санайды.
- 12 800 теңге деңгейінде ұсынылған артықшылық берілген акциялардың сатып алу бағасы 30 күн ішіндегі көлемі бойынша орташа өлшемді бағадан 24,4% -ға жоғары және 2018 жылғы 10 тамыздағы ахуал бойынша үш жылдық бағаның орташа өлшемді бағасынан 40,5% жоғары. Сонымен қатар, тарихи тұрғыда ҚМГ БӨ артықшылық берілген акцияларының бағасы жай акциялардан айтарлықтай төмен екенін атап өткен жөн, мысалы, соңғы бес жылда шамамен екі есе төмендеді. Бұл Қазақстан қор биржасындағы артықшылық берілген акциялар өтімділігінің төмендігіне және акционерлік қоғамды басқару туралы шешімдерді қабылдау кезінде қаржы құралының осы түрінің айрықша ерекшеліктеріне, атап айтқанда дауыс берудің шектеулі құқығына байланысты.
Бұдан басқа, ҚР заңнамасына сәйкес, ҚМГ БӨ АҚ-да артықшылық берілген акцияларды сатып алу бойынша міндеттеме жоқ және бұл ұсыныс компания қызметінің алдағы уақытта тоқтатылуына байланысты бастамасы болып табылады.
- Егер барлық акциялар сатып алынбаған болса, АҚ таратылу құқығына ие бола ма?
- Акционерлік қоғамды ерікті түрде тарату туралы шешім ҚР заңнамалық актілеріне сәйкес акционерлердің жалпы жиналысында (жай және артықшылық берілген) акциялардың жалпы дауыс беру санының білікті көпшілік дауысымен қабылданады. Компания таратылған кезде оның жарияланған, оның ішінде орналастырылған акциялары ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен жойылуы тиіс.
- ҚМГ БӨ компаниясының артықшылық берілген акцияларына қанша адам ие және қандай мөлшерде?
- Артықшылық берілген акциялар бүгінгі күні айналыстағы барлық акциялардың 3,6%-нан аз. 2018 жылдың 1 маусымындағы ахуал бойынша артықшылық берілген акция иелерінің саны шамамен 15 мың заңды және жеке тұлғалар болды. Сатып алу бағдарламасы жарияланғанға дейін еркін айналыста орналастырылған артықшылық берілген акциялардың саны - 1 905 209. Сатып алудың алғашқы екі аптасында жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеден астам сомаға 294 мың данасы сатылды. Біз сатуды қалайтын артықшылық берілген акция иелерінен өтініштер қабылдауды жалғастырудамыз, біз бұл қызығушылықты Қазпошта бөлімшелеріне жүгіну саны мен call-орталығының қоңыраулар саны бойынша көріп отырмыз.
- Барлық жай акциялар сатып алынды ма?
- Қазіргі уақытта 191,375 жай акция еркін айналымда қалып отыр, бұл жалпы соманың 0,27% -ын құрайды. Бүгінгі күні ҚМГ БӨ және «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ шығарылған жай акциялардың 99,7% -на ие. Олардың бір данасы 84 доллардан сатып алынады (ақша теңгемен беріледі).
Жай және артықшылық берілген акциялар - әртүрлі құқықтарға ие және әртүрлі шарттардағы түрлі акциялар санаты екенін атап өткен жөн. Әдетте, олар нарықта қалыптасқан өтімділік пен тәуекел деңгейіне негізделген әр түрлі баға диапазонына ие. Компания жарғысы артықшылық берілген акциялар үшін белгіленген кірісті қарастырады, бұл да нарықтық бағалауға әсер етеді.
- ҚМГ БӨ акциялары сатып алу бағдарламасы аяқталғаннан кейін шетелдік инвесторларға сатыла ма? Оларды қытайлықтарға сату жоспарланып отыр деген сыбыс бар.
- Бұған бір жауап: акцияларды сатып алу тек қана ҚМГ БӨ компаниясының алдағы уақытта дербес шаруашылық субъектісі ретінде қызметін тоқтатуына байланысты жүзеге асырылып отыр. ҚМГ БӨ акциялары кез-келген шетелдік немесе отандық инвесторларға сатылмайды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА