Бұл оқиғаның барысында біздің қаламыздағы адам саудасына тосқауыл болып жүрген ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі басқарма және үкіметтік емес ұйым өкілдерінен басқа ешбір жанның атын атай алмаймын.
ЖЕҢГЕТАЙ ЖЕТІП КЕЛДІ
Маған «Демос» құқық қорғау қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тоғжан ҚИЗАТОВА қоңырау шалып, көмек сұраған кезде, оның уақытша өз қамқорлығына алған адамымен кездесуім ҮЕҰ мүшелерінің кәсіби терминмен - адам саудасының құрбандары деп атап жүрген адамдары туралы түсінігімді өзгертеді деп ойламаған едім. Оның үстіне біз оларды коммерциялық секс қызметкері дегенмен көбіне жезөкше деп атап жатамыз. Мен де басқалар секілді мәжбүрлеу арқылы жезөкше болып жұмыс істейді дегенге сенбей келдім. Ал мұны мен Тоғжанның (жезөкше қызды Шымкенттегі үйіне кетер алдында бір түнге паналату) өтінішін естіген кезде сезіндім.
Арық, әрі жуыла-жуыла түсі кеткен халат киген бойжеткен маған бөлтіріктің көзқарасымен қарады. Түн ауғанға дейін созылған кешкі ас барысында мен оның басынан кешкен оқиғасына қанық болдым. Оның қарлығып, ешқандай дыбыс ырғағынсыз шыққан роботқа ұқсас дауысы әлі құлағымда тұр. Бәлкім оның бір кездері сыңғырлаған дауысы болған да шығар, ал, қазір сірке суын ішкен соң осындай қалыпқа түскен болар, бұл сұмдықтан ол облыстық аурухана дәрігерлерінің көмегімен аман қалыпты. Бұл оның Атырауда өткізген соңғы жарты жылдағы өзін-өзі өлтіруге тырысқан үшінші әрекеті еді.
Ол Шымкент қаласындағы колледждердің бірінде оқыды. Каникулға аудандағы үйіне баратын. Жатақханадағы көршісі каникулға Атырауға бір аптаға барып келуін ұсынғанда еш күдіктенбестен келісе салды. Студенттік кезде біздің қай-қайсымыз болсақ та басқа қалаларға достарымызға қонаққа бардық емес пе?!
Атырауға келіп, пәтерге жайғасқан ол кенет өзінің өмірі көзді ашып-жұмғанша өзгере салады деп әсте ойламады.
Дүкенге кеткен «құрбысын» күтіп, телевизор көріп отырған сәтінде пәтер есігін өзіндегі кілтпен ашып ішке енген еңгезердей әйелді көргенде үркіп қалды. Әйел болса қолындағы туу туралы куәлігін жыртып тастап, оған оның бүгін жезөкше ретіндегі алғашқы жұмыс күні екенін түсіндірді. Оның қарсылығын күзетші – екі жас жігіт тауардың тауарлық түрін бүлдіріп алмастай ұқыпты соққыларымен басты. Кейін оған шолақ етекті көйлек кигізіп, бояу жағып, күліп жүруге мәжбүрлеп көндірді, көп кешікпей клиент те жетті. Кейін оған клиенттің жаңа тауар – он екі де бір гүлі ашылмаған қызды ұсынғаны үшін 150 мың теңге төлегені белгілі болды.
ҚАЛА СЫРТЫНДАҒЫ САПАР
Одан әрі оқиға қорқынышты түстей жалғаса берді. Ұрып-соғу, қорлау және тауар бүлініп қалмайтындай есірткі түріндегі дәрілерді белгілі бір мөлшерде ағзаға салу. Маскүнемдікке және есірткіге салынған жезөкшелер клиенттерді қызықтырмайды. Ол алғаш рет көк тамырын кескен кезде қожайыны оның білегін бұраумен орап, жарақатына сыра құйды. Жарақаты көпке дейін жазылмады, кейін оған сол күндердің орнын «толтыруға» тура келді. Қыздың көгерген, тыртыққа толы қолдары әлі көз алдымда. ... Оның кезекті өмірмен қоштасу әрекеті қала сыртында күзетшілердің оған арнап мола қазуымен, оның маңдайына тақаған тапаншасымен, жаппай зорлап, ұрып-соғумен аяқталды. Бірақ, қожайын оны көміп тастамады. Қыздың айтуынша, қожайын қанша ашуланғанмен ол бірінші орынға коммерциялық мүддесін қойғанға ұқсайды: тауардың көзін құртуға қимаған сияқты.
Жезөкшелерден түсетін пайданы есептеп көрсек: «бригадада» шамамен 10 қыз жұмыс жасайды, олардың әрқайсысы бір түнде кем дегенде 40 мың теңге әкеледі, яғни ол бір айда 10 миллион шамасындай болады делік. Егер осы сомадан күзетшілерге төленетін ақыны, жезөкшелердің ішіп-жемі мен киіміне кететін шығындарды және «крышаларға» төлейтін салықтарды алып тастағанда қожайын бір айда 5 миллион теңгеден кем пайда таппайды.
ТӘУЕКЕЛГЕ БЕЛ БУҒАН ЕРІКТІЛЕР
– Иә, қазір адам саудасы пайдасы жағынан трансұлттық қылмыс жүйесінде екінші орынға шығып отыр, - деп әңгімелейді Тоғжан Қизатова. – Бірінші орында қару-жарақ саудасы, екінші орында есірткі саудасы болса, енді оған адам саудасы қосылды. Өйткені, адамды бірнеше рет сатуға болады, үстінен түсетін пайда көп.
"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ: Шелтер– адам саудасының құрбандары үшін түрлі: психологиялық, медициналық, құқықтық, материалдық (азық-түлік, киім-кешек, т.б.) көмек көрсетілетін транзиттік панажай. Сондай-ақ, онда қандай да бір мамандықты меңгеруге мүмкіндік беріледі және барлық қауіпсіздік шаралары алынады.
– Адам саудасындағы пайдасы жағынан бірінші орынды – еңбек және сексуалдық тұрғыда пайдалану алып отыр.
- Бұл туралы баршаға жария етіп жазу керек, өйткені көп адам білмейді. Сіздер неліктен тып-тыныш қана жұмыс жасап жатырсыздар? Сіздердің балаларыңыз өсіп келеді, оларды мұндай қатерден сақтандыру керек қой, - деп мен өтініп қоямын. - Біз халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) серіктесі болып табыламыз, міне, екінші жылға аяқ басты жергілікті мектептерде, жоғары оқу орындарында тренингтер өткізіп, «Адамдар саудасынан қорғаныңыздар!» деген буклеттерді таратудамыз, жасөспірімдер мен жастардың барынша көп бөлігін сақтандыруға тырысамыз. Міне, соны сен жаз, бәлкім сенің мақалаң әлдекімді құтқарып қалар, - деп кеңес берді Тоғжан.
– Ал, сіздің жұмыстарыңызға ақы төлене ме? Сіздер бұған соншама уақыттарыңызды жоғалтып, соншама ақша жұмсайсыздар. Оның үстіне қауіптілігі де бар шығар?
- Жоқ, бізге бұл жұмысымыз үшін ешкім де ақша төлемейді. Егер біз айталық, адам саудасының құрбаны үшін азық-түлік сатып алған, дәрі-дәрмекке, медициналық қызметке және баспана ақысының шығындары бойынша құжаттар ұсынсақ, ХКҰ бізге ақша береді. Ал, енді оның қауіптілігіне келетін болсақ, әрине, тәуекелге бас тігуге тура келеді, мәселен бүгінгідей соққыға жығылған қызды жедел алып кету керек болғанда ол жерде бізді кімнің күтіп тұрғаны белгісіз еді. Алайда, әдетте, біз ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жасаймыз. Бірнеше рет өзіміз ғана барған кездерде қиын жағдайлар орын алды, сондықтан да өз бетімізбен сирек қана, көбіне ҰҚКБ қызметкерлерімен бірге барамыз, - дейді Тоғжан.Басқа қалаларда адам саудасы құрбандарын орналастыратын, оларды тамақтандырып, дәрігерлік, психологиялық көмек көрсететін шелтерлер бар. Ал, бізде, мұнайлы астанада ондай паналайтын орындар жоқ. Ертең біздің қызымыз үйіне ұшады. ХКҰ ол үшін билет сатып әперді, онда оны біздің әріптестеріміз – халықаралық көші-қон ұйымының серіктестері күтіп алады және заңгерлік, психологиялық көмек көрсетеді, оңалту бойынша барлық шараларды алады. Бізде Атырауда ондай мүмкіндіктер жоқ, - деп баяндайды Тоғжан.
ЖАЗАСЫЗ ҚЫЛМЫС
Осы «бизнесті» ұйымдастырушылар үшін қолданылатын жазаға келсек, онда адам саудасының құрбандары көбіне полицияға шағымданудан қашады. Біздің қызымыз да арыз жазудан бас тартқан. Ол бұдан еш пайда болмайтынына сенімді, өйткені, ол өз клиенттерінің ішінен қызметі осындай адамдарды аз кездестірмепті. Ол арызданған қыздардың өзін 3 айға қамап, оларды тек туысқандары келіп сатып алған жағдайда ғана босатқанын біледі. Ол тіпті, Тоғжанды да сақтана қарсы алды, өзіне шынымен көмектесуге келді дегенге көпке дейін сене қоймады, ол да сол мафиядан болар деп қауіптенді.
Біздің әңгімеміз түн ортасына ауысты. Қарап отырмын, бойжеткеннің биологиялық ырғағы ауысып кеткен. Алты ай бойына ол тек күндіз ғана ұйықтауға бейімделіп кеткен. Вини-Пухтың бейнесі бар пазлды жинап отырған ол кенет: «Осындай жұмыс болатынын мен тіпті, білген жоқпын» дегені. Оның көзіне қараған мен кенет менің алдымда отырған әлі кішкене сәби екендігін түсіндім.
Таңертең ертемен оның анасы қоңырау шалды, бізге алғысын айтып, өзінің жарты жыл ішінде алғаш рет түнде көз ілгенін айтты.
Біз ҰҚКБ қызметкерімен бірге жұма күні, яғни қасиетті Оразаның басталған күнінде бойжеткенді әуежайға шығарып салдық. Оған жақсы сөздерімізді айтып, қолдау таныттық. Құрақ секілді жіп-жіңішке кетіп бара жатқан оның сұлбасы әлі күнге көз алдымда қалыпты. Үйге келген соң мен ол қыздың: егер мені анам түсінбей, кешірмесе, мен өмірмен қоштасамын деген сөзін есіме түсірдім. Және ол осы өз басынан өткерген алты айдан соң өмірде қорқынышты еш нәрсенің қалмағанын, өйткені ол тозақтың отына күйіп үлгергенін айтқан еді.
Зинат ОРЫНБАСАРОВА
Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның байланыс желісі. Адамдар саудасына қатысты фактілер туралы 11616 телефонына (ұялы және стационарлық телефоннан қоңырау шалу тегін) хабарласуға болады. Сондай-ақ, шетелге кетуге байланысты туындаған қауіп-қатерге орай тегін кеңес ала аласыз.