Атырау, 25 қараша 18:20
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Махаббат, қызық мол жылдар...

Сурет Бейнежазба
11 055 просмотра

Арман СҚАБЫЛҰЛЫ
Жуырда ұлттық арна арқылы көпшілікке жол тартқан «Жаным менің» телехикаясы көрерменнің көзайымына айналып, әлеуметтік желілерде кең талқылауға ие болды. Сериалға өткен ғасырдың 80-жылдарындағы ҚазГУ-дің журналистика факультеті студенттерінің түрлі оқиғаларға толы студенттік кездері, махаббатқа толы жастық шақтары, шынайы өмірі негіз болған. Прототиптерінің бірі - фильмде әндері орындалған, жерлесіміз, бард ақын Табылды ДОСЫМОВ. Жақында Атырауға фильм сценариінің авторы Арман СҚАБЫЛҰЛЫ келіп, «АЖ» тілшісі әңгімелесті. 


«АЖ» Анықтамасы:  Арман Сқабылұлы 1965 жы­лы 23 ақпанда Алматы облысы, Нарынқол ау­да­­ны, Қа­ра­то­ған ауылында дүниеге келген. 1982-1989 жылдары Алматыда Қазақ мемлекеттік уни­вер­ситетінің журналистика факультетінде оқы­ды. «Өкпелемеші», «Жаным» кітабының авторы. Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты. Екі ұлы, бір немересі бар.

«ТЕЛЕХИКАЯНЫ АЯҚТАУДЫҢ БІРНЕШЕ НҰСҚАСЫ БОЛДЫ»

- Сериал сіздің «Жаным» әңгімеңіздің желісі бойынша түсірілген екен. Шығарма қалай өмірге келді?

- Әу бастан мұндай фильмге сценарий жазып шығу ойымда болған жоқ. Фейсбукте «Жаным» деген жазба жаздым. Онда ҚазГУ-дің журналистика факультеті студенттерінің ауылшаруашылық жұмыстарындағы оқиғалары, оның ішінде Арман мен Жаным деген курстас екі ғашықтың махаббаты жайында бір-екі естелік жазамын деп ойлағанмын. Бірақ оқырмандар әлеуметтік желіде жақсы қабылдады. Бірінші жазғаннан-ақ жалғасын сұрап, жазба соңына комментарилер қалдырып, солардың қамшылауымен біраз дүние жазып тастаппын. Алғашында оқырманның сұрауымен кітап қылып шығаруды ойлағанмын, артынша ұлттық арна мен ақпарат министрлігі хабарласып, сериал жасайық деген ұсыныс білдірді.

Сериалда көпшілік кейіпкерлерді мынау Табылды Досымов, Серік Аббас-шах деп танып жатыр. Шығармада тағы кімдердің прототиптері бар?

Бұл жерде шынымен де кейбір түсінбеушіліктер болып жатыр. Кейбір кейіпкерлердің ұқсайтыны рас, бірақ әр кейіпкердің бойында үш төрт адамның жиынтық үлгісі бар екенін айта кеткім келеді. Тағы бір прототиптер өзін танып жатыр. Тіпті, бірі «мен кезінде шәкіртақыны көп алғанмын, мен жатақханада ешкімнен киім сұрап киген жоқпын» дегендей реніш білдірді. Мен оларға: «ол толықтай сен емес, сен кей жерінде ұқсайсың, кей жерінде ұқсамауың мүмкін»  деп жауап беремін. Дегенмен, басты кейіпкерлер - Арман мен Жаным өмірден алынған және кинодағы іс-қимылдарының 90 пайызы шындық.


"Жаным менің" сериалынан кадр
- Білуімше, режиссёр сценарийді оқып шыққан соң, «бас кейіпкердің бірі өлуі керек, киноның драматургиясы солай» деген екен...

- Киноның соңғы нүктесін қоярда екі үш нұсқасы болғанын жасырмаймын. Бір нұсқасында Арман жалғыз қалады, екінші нұсқада басқа біреуге үйленеді, үшіншісінде Жаныммен қосылады. Режиссёрға үш нұсқа да ұнамады. Трагедиялы болғанын қалады. Алайда, бас кейіпкердің екеуі де өмірде тірі адамдар, көрермен білмесе де, сол жылдары оқыған біраз адамдар біліп, кімнің кім екенін танып отыр. Көп ойландық, шешім өздеріңіз көргендей: Арман мен Жаным қосылмайды, көп жылдардан кейін кездеседі. Ары қарай не болатынын көрерміз.

- Көрермендер телехикаяның жалғасын сұрап жатыр? Бұл ұсынысты қалай қабыл алдыңыз?

- Қазір нақты ештеңе айта алмаймын. Менің өзімнің ойым - кез келген жақсы шыққан сериал сол қалпында қалуы керек. Жалғасы жақсы шыққан сериал көргенім жоқ. Алғашқы маусымында оқиғалар сұмдық, халық беріліп көрді. Кейін екінші, үшінші маусымын жалғастырғанда өзінің мәнін жоғалтады... Дегенмен, өзім де осы махаббат хикаясымен қоштасқым келмейді. Әзірге нақты жоспар жоқ.

"Жаным менің" сериалынан кадр

Табылды Досымов - қазақтың тұңғыш бард ақыны 1965 жылы 15 шілдеде Атырау облысы, Индер ауданында туған.1982 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскен. 1990 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған. 1983—1985 жылдар аралығында Германияда әскери борышын өтеген. 1990 жылы арнайы жолдамамен Атырау телерадиокомитетіне келіп, жаңа облыстық телевизияның қүрылуына атсалысқан. 1992 жылы облыстық Н. Жантөрин атындағы мемлекеттік филормонияда шығармашылық жүмыстармен айналысқан. «Жанарымның жарқылы» (2000), «Ұнатамын мен сені» (2002) жыр жинақтарының авторы. «Жайықтың толқындары», «Табылдың әні» атты өлеңдер мен ән мәтіндері жинақтарының авторы.

«СЕРИАЛДАҒЫ АРМАН – ҚАРСЫ АЛДЫҢЫЗДА ОТЫР»

- Сериалда жерлесіміз Табылды Досымов (Тарғын) қаншалықты шынайы бейнеленген?

- Табылдыға қатысты эпизодтардың көпшілігі өмірден алынды. Арманмен өмір жайында сырласуы, өнер жолын таңдап сүйгенімен қош айтысуы, тіпті, жатар алдында шашым  жатсын деп басын  матамен байлап тастауы – бәрі ақынның басынан кешіргендері.

Жас әртістер кейіпкерлерді сомдау үшін прототиптермен кездесті ме?

- Прототиптермен кездесу болған жоқ. Сырттай зерттеді. Қуанышымызға орай, басты рөлді сомдаған жас әртістеріміз өте ізденімпаз болып шықты. Ең бастысы әртістер кімнің рөлін, қай дәуірде жүргендігін жақсы түсінді.

Өмірдегі Жаным кім, Арман кім? Олар қазір қайда?

Ойлап қарасаңыз, Жанымның басынан көп трагедия өтті. Сол адамның кім екенін, қазір қайда тұратынын айтсақ, ол дұрыс болмайды. Бірақ, бір сөзбен айтайын, ол өмірде бар, тірі, күйеуі, бала шағасы бар бақытты отбасы. Арман да өмірде бар, ол алдыңда отыр. Жаныммен хабарласып тұрамын.




Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті және бейнежазбаны түсірген автор

3 қазан 2018, 11:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.