Соңғы кездері Атырауда перзентханадан әйелдерді ерекше түрде қарсы алып, түрлі аниматорларды шақырып, отшашулар ұйымдастырып, тіпті, арнайы техника жалдап шығарып алу кеңінен таралған.
Биылғы ақпанда, мәселен, сәбиі мен анасын трактормен қарсы алған. Оның шөмішінде арнайы шақырылған әнші ән шырқаған еді. Ал жақында қолына гүл ұстаған бақытты әкенің төменде жиналған туыстарының қолпаштауымен және зор дыбысты әуеннің сүйемелдеуімен автокөтергіш арқылы төртінші қабаттың терезесіне көтерілген бейнежазбасы әлеуметтік желілерде таралып кетті.
«Перзентхананың аумағына арнайы техниканы кім өткізген? Ол жерде жас босанған әйелдер жатыр, бәлкім, кейбіріне қуаныш бұйырмаған шығар”, - депті пайдаланушылардың бірі бейнежазбаға пікірін білдіріп.
Перзентхана қабырғасында мұндай ауқымда тойлауға рұқсат етілген бе деген сұрақпен “АЖ” тілшісі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне хабарласқан болатын. Ондағылар перзентханадан шығарудың қандай да болмасын ережесі жоқ екенін айтты.
ІІД-де мұндай ахуалдан хабардар екен, бірақ ресми мәлімдеме жасаудан бас тартты.
Анастасия АЛЮШИНА
Әлеуметтік желілерден алынған бейнежазба