Франция президенті Эммануэль Макрон ел экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ету мақсатында қаңтардың 1-інен бастап салық реформасын енгізбек.
Себебі, француз экономикасының өсімі бірінші және екінші жартыжылдықта 0,2 пайызға төмендеген. Нәтижесінде елдің жалпы ішкі өнімі бұдан бұрын болжағанда 1,9 процент емес, 1,7 болмақ. Салық реформасы бұдан өзге қандай мәселені шешпек? Реформа аясында Францияның корпоративті және баспана салығын төмендетіп, өзге де салықтық жеңілдіктер енгізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде бәсекеге қабілеттілік пен жұмыспен қамту деңгейін арттыруды көздейтін салықтық несиелендіруге септігін тигізеді.
Брюно Ле Мэр, Францияның қаржы министрі:
- Компанияларға тұрақтылық пен ашық жүйе қажет. Біздің бағамдауымыз бойынша, бұл корпоративті қазынашылыққа оң әсерін тигізіп, 2020-21 жылдары 100 мың жұмыс орнын құруға жағдай жасамақ.
Қаржы министрілігі болса бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 2,8 процентке дейін жоғарылайды деп болжап отыр. Соңғы екі жылда ол 2,6 процентті құраған. Осы мәселенің шешімін табу үшін келер жылдан бастап азаматтардың табыс салығы ай сайынғы жалақысынан алынатын болады. Бұған дейін табыс салығы бір жылдан кейін төленіп келген.
Эдуард Филипп, Францияның премьер-министрі:
- Сіздерге кепіл бере аламын. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап кіріс бойынша салық төлем көзінен алынатын болады. Бұл салық төлеушілер үшін тиімді болмақ.
Жалпы, Францияда салық жүйесін өзгерту Эммануэль Макрон билікке келгенге дейін талқыға түскен еді. Қазіргі салық жүйесі тым күрделі болғандықтан, оны енгізу қиынға соғыпты. Өйткені бұған дейін салық әр адам басына емес, тұтас отбасыға салынып келген-ді. Ел қазынасының жайын ойлаған Макрон жаңа реформаны енгізуге құлшына кірісті. Бұл оның халық арасындағы беделіне ықпал ете қоймады.
Арианне Мэй Жамеро, Париж тұрғыны:
- Меніңше, бұл қалыпты жағдай. Өйткені оның іс-әрекеті бұрынғы президентпен салыстырғанда батылырақ. Алайда ол өз шешімдерінің салдары жайлы көп ойлана қоймайтын тәрізді. Яғни халықтың қалтасына түсіп, мемлекеттік бюджетті толтыруы – ұяларлық іс.
Франция азаматтары салық декларациясын жылына тек бір рет, яғни мамыр айының басында толтырады. Онда бір жыл бұрынғы табыс және банктегі жеке салым мөлшері де ескеріледі.
Айта кетерлігі, салық адам басына емес, тұтас отбасына есептеліп төленеді. Енді жаңа реформаға байланысты бұл тәртіп түбегейлі өзгеретін болады.
Дереккөз: 24.kz