26 қыркүйекте Атырау облыстық мәслихатының XXV кезекті сессиясы болып өтті. Нұрлан НОҒАЕВ 8 айдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Мәжіліс соңында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат ӨТЕШЕВ сессияның асығыс өткізіліп жатқанын сынға алды. Бұрын-соңды ешқашан мұндай сын айтылмаған еді.
Ал мәжіліс басталғанда облыс әкімі, атап айтқанда, Водников, Көкарна және Дамбы поселкелерінің 39 көшесіне жарық жүргізілгенін хабарлады. Талғайраң маңында көп пәтерлі тұрғын үйлерді салу үшін 400 жер телімі әзірленген, 80-інде құрылыс жүріп жатыр. Жергілікті бюджет ЖОО-да жергілікті жастарды қажетті мамандықтар бойынша оқыту үшін қаржыландыруды жалғастыруда: облыс әкімінің грантын өткен жылы 222 студент, биыл - 247 студент алды. Н. Ноғаевтың айтуынша, бізге басқа өңірлерден жұмыс істеуге келген дәрігерлер үшін пәтер мәселесі шешілуде.
Сессияда «Теңізшевройл» ЖШС-нің және «НКОК» компаниясының бірінші басшыларының баяндамаларын тыңдау жоспарланған еді, бірақ ол болмады. Сессия төрағасы, депутат Айбек ГАБДУЛЛИН соның алдында тұрақты комиссияға олардың орынбасарлары келіп, бірқатар сұрақтарға жауап бере алмағанын, сондықтан баяндамалар күн тәртібінен алынғанын түсіндірді.
Сессия түскі астан кейін жұмысын жалғастырды. Қатысушылардың бірі сағат 15-те сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырып бойынша үлкен мәжіліс басталатын хабарлады. Президиумда асығыстық жасалды. Бұрынғыша баяндамашы мінберге шығар-шықпас, депутаттар қолдап дауыс берді. «Бәрібір бұл тұрақты комиссияда қаралды» деген уәждері бар.
Мәжіліс соңында Мұрат Өтешев сөз алды:
- Бұл жерде шақырылғандар, соның ішінде аудан әкімдері отыр. Тұрақты комиссия отырысында бәрі бірдей болған жоқ, бәлкім олардың сұрақтары бар шығар. Баяндамашыларға ең болмағанда қысқаша болса да, сөйлеуге мүмкіндік беру керек еді. Әңгіме не туралы екенін - біз білмейміз.
Мәслихат хатшысы Өмірзақ ЗИНУЛЛИН: иә, күн тәртібіндегі кейбір мәселелерді егжей-тегжейлі қарастырған жөн еді деп, мұнымен келісті
Сонымен мәжіліс те тарады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ