АҚШ Президенті Дональд Трамп Иран билігін сынға алып, оны оқшаулауға шақырды, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы. Ақ үй басшысы мұндай пікірді БҰҰ-ның жетпіс үшінші Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде айтты.
Оның мәлімдеуінше, халықаралық қауымдастық бұл мемлекеттің агрессиясына жол бермеуі тиіс. Сондықтан Құрама Штаттар алдағы уақытта Иранға жаңа санкциялар салатынын жеткізді. Алайда Иран Президенті Хасан Рухани Вашингтон Иранға қатысты дұшпандық саясат ұстанып отыр деп, көрші мемлекеттермен бейбіт қарым-қатынаста өмір сүруді қалайтынын жеткізді.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
– Иран билігі көрші елдерді құрметтемей, өзге мемлекеттердің құқықтарын аяққа таптап отыр. Олар сондай-ақ өз халқының байлығын талан-таражға салып, Таяу Шығыс пен одан тыс аймақтарда тұрақсыздық тудыруда.
Хасан Рухани, Иран Президенті:
– Мен АҚШ-тың бізге қатысты саясатының дұрыс еместігін оның Иран халқының мүддесіне қайшы екенін ашық айтқым келеді. Бірде-бір мемлекет қысым арқылы келіссөз жүргізуге келіспейді. Диалог өзара құрмет пен келісім негізінде жүруі тиіс.
Бас Ассамблеядағы сөзінде АҚШ Президенті ОПЕК-ті де сынға алды. Оның айтуынша, мұнайды экспорттаушы елдер қара алтын бағасын реттеп, әлемді тонап отыр. Сондықтан мұндай жағдайға жол бермейтінін айтып, ОПЕК-тен мұнай құнын түсіруге шақырды.
Дереккөз: 24.kz