Атырау, 26 желтоқсан 00:11
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

«Арқанкергенде» мерт болған сарбаздардың туыстары қанды қылмыс орнын өз көздерімен көрді

2 771 просмотра

Арқанкергенде оққа ұшқан сарбаздардың туыстары бүгін заставаға барып, қанды қылмыс орнын көздерімен көрді. Сондай-ақ, марқұмдарға арнап қойылған ескерткіш тақтаның ашылуына қатысты. Десе де арыстай ұлдарынан айырылып, қара жамылған ата-аналардың тергеу барысына көңілдері толмай отыр. Басты айыпталушы Владислав Челахтың аяқ асты айтқандарынан айнып қалғаны, көбінің көңіліне күдік ұялатқан. Тергеуді жүргізіп жатқан құзырлы орындардан да тұшымды жауап ала алмапты. Оның үстіне ағайын-туысты ДНК сараптамасындағы кейбір сәйкессіздіктер күдіктендірген.

Мамырдың соңында қазақ-қытай шекарасындағы Арқанкерген заставасында қаза болған 14 сарбаздың туыстары Үшаралдағы №24-84 әскери бөліміне түгел жиналды. Еліміздің 8 өңірінен келген 40-қа жуық адам ұлдары мен бауырлары қызмет еткен әскери бөлім басшылығы, әскери прокуратура мен ІІМ-нің тергеу комитетімен жүздесіп, сұрақтарын тікелей қоюға оқталған еді. Айта кетерлігі қаза болған сарбаздардың туыстары осы әңгіме барысында тілшілердің қатысуын талап еткендіктерін жеткізді. Алайда бұл талап қанағаттандырылмаған. Оның үстіне ата-аналар көкейдегі көп сұраққа сол күйі жауап ала алмадық деп қапалы.

Сағындық Именов, Мейірхан Именовтың әкесі:

- Сұрақтарымызға дұрыс жауап ала алмадық біз. Бізге ешқандай дұрыс жауап бере алған жоқ.

Десе де осы күнге дейін айтылмаған талай мәселенің беті ашылған сыңайлы. Марқұмдардың кім екенін анықтау үшін жасалған ДНК сараптамасы дұрыс жүргізілмеді дейді жара жамылған ағайын-туыс. Оған Отанын қорғау үшін барған апталдай азаматтарда нәзік жандыларға тән хромосомалар жұбы да табылды деген қорытынды дәлел болып отыр.

Қуатбек Мұқашев, Нұрланбек Мұқашевтің әкесі:

- ДНК-да көп сәйкессіздіктер бар. Мысалы, менің баламның жынысы әйел деп көрсетілген. Сонда ол менің балам ба, балам емес па мен білмеймін шынын айтқанда. Табытпен әкелді, табытпен жерледім, болды.

Сонымен қатар, алғашқы медициналық терсерулердің қорытындысы да кейін өзгеріске ұшырапты. Осы фактілердің барлығы шекарада орын алған жағдайды қалай болса да жасырып қалу үшін жасалып отырған әрекеттер деген сенімде олар.

Қарлығаш Мұқашева, Нұрланбек Мұқашевтің анасы:

- Басында бізге суық хабарды айтқан кезде «басы жоқ, денесі бөлшек-бөлшектенген» деді. Көретін түгі де жоқ деген. Ал енді ДНК-да келеді де, жетінші тісі  пломбыланған дейді. Қайдағы жетінші тіс, басы жоқ десе баланың. Бұл ата-аналарды мазақтағаны ма.

Осы сұрақтардың барлығы жауапсыз қалды. Не әскери прокуратура, не ІІМ тергеу комитеті нақты жауап қата алмады кеше. Тек осы күнге дейін таратылған ақпарат тағы да сарбаздардың ана-аналарына қайталанып айтылды.

Татьяна Рей, Денис Рейдің анасы:

- Мен бұл жерге шындықты білуге келдім. Бірақ нақты ештеңе естімедім әлі. 

Ал психиатриялық терсеруден кейін ақыл-есі дұрыс деп танылған Челахтың соңғы мәлімдемесі алдағы уақытта жағдайды өзгертуі мүмкін. Бірақ әскери прокуратура ресми нұсқа толығымен тексеріліп болған соң, басқасына ауысатындығын алға тартуда.  

Тілеу Жаңғарашов, Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары:

- Психиатриялық сараптамадан кейін Челах алдында берген түсініктерінен айнып қалды. Қазіргі уақытта оның тарапынан екі өтініш түсіп отыр. Тергеу барысында олардың қаншалықты негізді екендігін анықтаймыз. Тергеу амалдары осы қалыппен жалғаса бермек.

Марқұмдардың туыстары бүгін Арқанкергенге тікұшақпен жеткізілді. Оларға қаза тапқан сарбаздардың құрметіне қойылған ескерткіш тасты көрсету жоспарланған болатын. Бірақ бұл жолы да тілшілер шетте қалды.

Айтылған сылтау орын тапшылығы. Ал бір мезетте 14 сарбаз бен бір қорықшы мерт болған жерді өз көзімен көріп қайтқандар енді ресми нұсқаға сенуден мүлдем  қалған. Кеше ғана шекара қызметі Арқанкергеннен кейін ата-аналармен баспасөз мәслихаты өткізіледі деген уәде берген болатын. Бірақ, бүгін жоспарлар бірден өзгеріске ұшырады. Арқанкергеннен соң ата-аналар бірден үйлеріне жөнелтіліп отыр.

Дереккөз: КТК

28 шілде 2012, 15:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.