Никарагуа астанасы Манагуада билік пен оппозиция жақтастары тағы қақтығысқа түсіп, 1 адам қаза тапты. 6 кісі жарақат алды. Тәртіпсіздіктер президент Даниэль Ортега қарсыластары алдыңғы шерулер кезінде қамауға алынғандарды босатуды талап етіп, көшеге шыққан кезде болды.
Президентті қолдаушылар шерушілерге оқ атқан. Полиция акцияға қатысушылар мен өз отбасыларын қорғамақ болған жергілікті тұрғындар арасында атыс болды деп отыр. Алайда оппозиция өкілдері бұл шындыққа жанаспайтынын айтады. Айта кетейік, Никарагуада билікке қарсы наразылық шерулері көктемде, үкімет зейнетақы қорына төлем көлемін ұлғайтқан соң басталған. Содан шерулер президент Даниэль Ортеганың биліктен кетуін талап етуге ұласты. Ал бизнес өкілдері елдегі экономикалық дағдарыспен күресу үшін мерзімнен тыс президенттік сайлау өткізуге шақырды. Бірақ өткен сенбі күні президент сайлаудың мерзімі өзгертілмейтінін мәлімдеді.
Шеруші:
– Біз бейбіт шеру өткізбек едік, бас қосқан жерімізге әскериленген жасақтар жинала бастады. Содан наразылық акциясы басталған бетте олар бізге оқ жаудырып, қуып берді.
Дереккөз: 24.kz