Грузия экономикалық дағдарыстан шығудың өзіндік жолын ойлап тапты, деп хабарлайды «Хабар 24». Ұлттық валютаның құнсыздануы, азық-түлік пен жанармайдың қымбаттауы кейбір депутаттарды марихуананы экспорттап, бюджетті толықтыруға болады деген ойға әкелген. Бұл бастама төңірегінде елде бірнеше апта бойы қызу пікірталас жүріп жатыр.
Үкімет марихуананы дәрігерлік және косметикалық мақсатта сатуға һәм экспорттауға рұқсат бермек. Бүгінде Грузия өзінің шарабымен бүкіл әлемге танымал. Енді бұл тізімге марихуана да енуі мүмкі. Сарапшылардың айтуынша, бұл мол табыс әкелетін кәсіп. Наша экспортынан түсетін пайда шарап сатудан түсетін қаражаттан бірнеше есе асса керек-ті.
Вахо Чарая, экономикалық мәселелер бойынша сарапшы:
- Халықаралық нарыққа көз салсақ, мен дәрігерлік мақсатта қолданылатын кендірдің заңды нарығын айтып тұрмын, ол 25 миллиард долларға бағаланып отыр. Ал 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 150 миллиардқа дейін өсуі ықтимал. Мұнда Грузия экономикасы үшін инвестиция тартуға және экспортын ұлғайтуға барлық мүмкіндіктер бар. Бұл ұсыныс елде қызу пікірталасқа ұласты. Әсіресе жергілікті шіркеу бұл бастамаға наразы екендіктерін білдірді. Тіпті діни қызметкерлер жұртты ертіп, көшеге шыққан.
Яков, діни қызметкер:
- Дәрігерлік мақсаттта болсын, кендірді өсірте бастаса, шіркеу мен халық бұған қарсы бой көтеретінін үкімет білуі керек. Қыруар пайда әкелсе де, елімізге ондай табыс қажет емес, себебі бұл жас ұрпағымыздың болашағына балта шабатынын ұмытпауымыз керек. Дегенмен, үкіметте марихуананы дәрігерлік пен косметикалық мақсатта өндіруге рұқсат беретін заң жобасын талқылап жатыр. Бұл заңда лицензиясыз кендір өсірткені үшін жаза күшейтілмек.
Мамука Бахтадзе, Грузия премьер-министрі:
- Грузия мемлекеті мен қоғамның ортақ мақсаты – нашақорлыққа қатысты зиянды азайту. Ал кендірді өсіру мен дәрігерлік мақсатта өндіруге келетін болсақ, бұл сала қатаң түрде реттеледі. Марихуананы тұтыну жарнамасы үшін жауапкершілік күшейеді. Әсіресе 21 жасқа толмағандарды наша тартуға үгіттейтіндер қатал жазаға тартылатын болады.
Жаңа заң жобасында қызмет міндеттерін атқару кезінде, қоғамдық орындар мен көлікте, оқу орындары маңында және кәмелетке толмағандардың көзінше марихуананы тұтынғаны үшін қатал жаза қарастырылған.
Дереккөз: 24.kz