Landlord Брюссельде өткен брекситке қатысты келіссөздердің шешуші кезеңінде Еурокомиссия Ұлыбританияның Еуроодақ алдындағы қарызын тағы да еске салды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Дәлірек айтсақ, Еурокомиссия Лондонға Қытайдан имппорттаған тауарлары үшін толық төленбеген баж салығын өтеу туралы ескерту жіберді. Қарыз сомасы – 2,7 миллиард еуро. Еурокомиссияның мәліметінше, Ұлыбритания 2011 мен 2017 жылдар аралығында осындай мөлшерде салық төлемеген.
Осыдан бір жыл бұрын алаяқтықпен күрес жөніндегі Еуропалық қызмет осы айлакерлікті әшкерлеген еді. Тұманды Альбионға импортталған қытайлық аяқ киім, тоқыма бұйымдары мен өзге де тауарлардың бағасы әдейі кемітілген. Сәйкесінше, Еуроодақ қазынасына баж салығы кем төленген. Бұған дейін Ұлыбритания үкіметі бұл істе жауапты емес екендігін мәлімдеп, берешегін мойындаудан бас тартқан болатын.
Мина Андреева, Еурокомиссия өкілі: - Еурокомиссияның есебінше, Бірікен Королдіктің Еуроодақ заңын бұзуы 2011 жылдың қараша айынан 2017 жылдың қазан айына дейін Еуроодақ бюджетін 2,7 млрд еуро шығынға ұшыратты. Ұлыбританияның қарызын өтеуге 2 ай уақыты бар, өйтпесе Еурокомиссия бұл істі Еуропалық соттың қарауына тапсыруы мүмкін.
Дереккөз: 24.kz