Бүгін, 24 қыркүйекте, Атырауда Көші-қон қызметтері орталығы ашылды, бұл Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан кейінгі еліміздегі төртінші орталық. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің бастығы Тоқтамыс ЖҰМАҒҰЛОВ пен ІІД бастығының орынбасары Берік АМАНГЕЛДІ салтанатты рәсімде қызыл лентаны қиды. Бәрінен бұрын бұл жерге жасыл паспорттарын қолдарына ұстаған өзбек ағайындар келді.
- Орталықта шетелдіктерді тіркеп, шетелден жеке тұлғаларға жұмыс жасау үшін біздің аймағымызға келетін еңбек мигранттарына рұқсат құжаты беріледі, - деді Б. Амангелді. - Мұнда резидент емес тұлғалар медицианалық тексеруден, дактилоскопиядан өте алады, сақтандыру полисін рәсімдеп, ЖСН ала алады.
Ғимараттың бірінші қабатында ресепшн және келушілерге қызмет көрсету үстелдері бар, мұнда электронды кезек жұмыс істейді. Екінші қабатта қызметтік кабинеттер мен медициналық тексеру кабинеті бар.
- Біздің орынжай шаршы көлемі бойынша стандарттарға сәйкес келмейді, бірақ ештеңе етпейді, ынтамен жұмыс істейміз, - деді Орталықтағы медицина өкілі.
- Кеңірек орын ұсынып едік, бұл кабинетті өздеріңіз таңдадыңыздар ғой, - деді «“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Атырау филиалының директоры Мұса ХАЙРУЛЛИЕВ. Кейінгі әңгімеден осы шаршы метрді тендерді жеңіп алған жекеменшік медициналық компанияның жалдап отырғаны анықталды: алаң аз болса, шығындар да аз. Айтпақшы, бір мигрантты медициналық тексеру 6500 теңге тұрады.
Өзбекстан азаматы Торабек ТОГОНОВ Орталықтың алғашқы клиенті болды:
- 10 күн бұрын Хорезмнен Атырауға келдім, қазір құрылысшы ретінде жұмысқа тұрдым. Бұл орталықта барлық құжаттардың тез берілетінін айтады, көреміз енді.
Жыл басынан бері Атырау облысында 75 503 шетел азаматы уақытша тіркелді, 80% - Өзбекстан азаматтары.
Орталық Балықшыдағы А. Байжігітова, 80А мекен-жайында орналасқан.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор