Американың президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы әскери кампанияның АҚШ үшін үлкен қателік болғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.
"Мемлекетіміздің ең үлкен тарихи қатесі президент Буш қабылдаған Таяу Шығысқа әскерді кіргізу шешімі болды", - деді Ақ үйдің басшысы Hill.TV арнасына берген сұхбатында.
Алайда оның айтуынша, ол жерден әскерді шығарып жіберген Обаманың шешімі де дұрыс болмаған. Сондай-ақ, президент көптеген адамның құрбан болғанын және АҚШ-тың оған жеті триллион доллар қаражат жұмсағанын айтты.
Пентагонның бағалауынша, 2001 мен 2018 жылдар аралығындағы Ирак, Ауғанстан мен Сирияға жасалған жауынгерлік әрекеттердің нәтижесінде 1,52 триллион доллар қаражат жұмсалған.
Браун университетінің мәліметі бойынша, 2017 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша, АҚШ екі соғысқа және Пәкістан мен Сириядағы әскери операцияларға 5,6 триллион доллар жұмсаған. Бұған қоса, бұл сома ұлттық қауіпсіздік пен ардагерлердің денсаулығының шығындарын қамтиды.
Дереккөз: tengrinews.kz