Пәкістанда сот апелляцияны қарағаннан кейін бұрынғы премьер-министр Наваз Шарифті, оның қызы Мариямды және күйеу баласы Мұхаммад Сафдарды кепілдікпен түрмеден шығарды, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.
Шариф, оның қызы және күйеу баласы кепілдік ретінде әрқайсысы 500 мың пәкістан рупийін (шамамен 4 мың доллар) төлеуі тиіс. Шарифке қатысты тексеру атышулы «панамалық мұрағат» жарияланып кеткеннен кейін басталды. Құжаттарда Шарифтің үш баласының да офшорлық компаниялармен байланысы болған деп көрсетілген.
Бұл компаниялар болжам бойынша қаражатты жылыстату және шетелдік активтерді сатып алу үшін пайдаланылған. 2017 жылғы шілде айында Пәкістанның Жоғарғы соты Шарифті премьер-министр лауазымынан босатқан болатын. Бұдан бұрын сот сыбайлас жемқорлық туралы іс бойынша Шарифті 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.
Дереккөз: inform.kz