Атырау, 26 сәуір 17:56
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Ал сіз киноға түскіңіз келе ме?

7 380 просмотра

Тамыздың басында Атырауда «Қыз жүрегі» атты толықметражды фильмнің түсірілімі басталады. Шілденің 23-і мен 25-сі аралығында «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалының ғимаратында көркем фильмнің кейіпкерлеріне арналған кастинг өткізілді. Кастингтің қорытындысы 28 шілде күні анықталады.

«Қыз жүрегі» фильмінің негізгі түсірілімі Махамбет ауданы Еспол ауылында және Атырау қаласында, одан кейін бөлігі Астана қаласында түсіріледі. Фильмнің директоры әрі сценарисі Еркебұлан НҰРХАНҰЛЫ (суретте) сценарий жазуға үш жыл жұмсапты. Ол фильмнің оқиға желісі құпия екендігін айтады.

- Фильмнің сюжеті жөнінде тіс жаруға әлі ерте. Бірақ, бір айтатыным, ол бір қыздың тағдыры туралы және  бүгінгі жастардың өмірі жайлы болмақ, - дейді Е.Нұрханұлы.

«Қыз жүрегі» фильмінің режиссері – Карл ИСАБЕКОВ. Еркебұлан оны көп режиссердің ішінен таңдап алғанын айтады:

- Бұл тәжірибелі киногер. Ал фильм «Бәйтерек» видеостудиясының көмегімен түсіріледі.

Фильм түсіруге арналған қаражат мөлшері бүгінде 12 миллион теңгені құрап отыр. Бұл Еркебұланың өзінің жылдар бойы жинаған өз қаржысы.

- Әрине, әлде де сырттан демеуші табылса артықтық етпейді, - дейді Еркебұлан.

Оның жасы қазір бар болғаны 19-да. Өзі Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің филология факультетінің 2-курс студенті. 

- Мен осының алдында Шымкентте «Жүрегім саған аманат» атты фильмнің түсіріліміне қатыстым. Содан кейін Атырауда жоғарғы деңгейдегі кино түсіру туралы ойға келдім, - дейді Еркебұлан.

«Қыз жүрегі» фильміндегі қосалқы рөлдердің бірін алматылық әнші Әлия ӘБІЛҚАЙЫР, ал ең басты кейіпкерді Атырау облыстық «Көңілді тапқырлар клубы» одағының төрағасы Асхат ҚАЛАУОВ сомдайтыны белгілі болды. Одан бөлек, Алматыдан 6 кәсіби актер шақырылып отыр.

Еркебұланның айтуынша, фильмнің көрсетілімі қазан айында еліміздің барлық облыстарының кинотеатрларында өтеді деп жоспарлануда. Содан кейін ар жағында желтоқсан айында Алматыда алғаш рет өтетін әуесқой фильмдер фестиваліне қатысуды көздеп отыр.

Айнұр САПАРОВА

26 шілде 2012, 17:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.