2015 жылы мұнай астанасының әкімдігі «Интеллектуалды көлік» жобасын іске қосты. Бюджеттің 39 миллион теңгесіне 250 GPS-трекер, 250 автоинформатор және 20 ақпараттық табло сатып алынды. Алайда көп уақыт өтпей-ақ жоба сәтсіздікке ұшырады.
Аялдамаларда осы ақпараттық таблолардың автобус кестелері мен нақты уақытын көрсетіп тұрғаны кім-кімнің де есінде қалмаған болар.
- 7 жылдай уақыттан бері автобуспен жүремін. Экраны бар осы металл бағанды орнатқаны есімде, бірақ ол ешқашан жұмыс істеген емес. Тек бұл емес, басқа аялдамаларда да солай. Автобусты ұзақ уақыт күтемін, егер олардың келу уақытын білсек, уақытымызды үнемдер едік. Әсіресе, қыста қиын, - деп қынжылыс білдіреді қала тұрғыны Гүлмира СЕРІКПАЕВА.
Қазір табло қате күн мен уақытты көрсетіп тұр, ал кейбіреуі ескі теледидар секілді: ештеңе көрсетпейді, экраны көмескі болып тұр. Ал Сәтпаев даңғылы бойында бұл таблолар өшіп қалған. Аялдамалардағы жаңа технологиялар орнатылғаннан кейін үш айдан соң бұзыла бастады. Бұл туралы «АЖ» 2016 жылы жазған болатын, бірақ содан бері ештеңе өзгерген жоқ. Сол кезде қала тұрғындары автобустардың қай жерде жүргенін көре алуы үшін INFOBUS ұялы қосымшасы іске қосылды. Бірақ ол да автобустардан GPS-трекерлерді алып тастағаннан кейін жұмыс істемей қалды.
- Жыл аяғына дейін таблоны алып тастаймыз, - дейді «Смарт-Атырау» КММ басшысы Әділбек ТАНКИЕВ. – Кешікпей «SmartQala» ұялы қосымшасын іске қосамыз, ол бойынша автобус қозғалысына бақылау жасауға, әрі жол ақысын төлеуге болады.
- Менің мәліметім бойынша, жыл басында таблоны жөндеу үшін 3 миллиондай теңге бөлінді. Бұл ақшалар қайда?
- Иә, жергілікті бюджеттен 3 миллион теңге бөлінді. Ақшаны бюджетке қайтарамыз, өйткені енді оларды жөндеудің қажеті жоқ, алып тастаймыз.
Бірақ кейінірек Танкиев «АЖ» тілшісіне ақшаның бюджетке қайтарылмайтынын, таблоның жыл аяғына дейін іске қосылатынын хабарлады. Бұған дейін оларға қызмет көрсетумен айналысқан компаниялар шығыны көп болғандықтан бұл істі тастаған. Сот арқылы ақшалар бюджетке қайтарылған. Бірақ бұл жағдай туралы «Смарт-Атырау» КММ басшысы айтқысы келмеді.
Айтпақшы, Сәтпаев даңғылында кәсіпкерлер үлкен жарнама мониторын орнатты. Ол күні мен уақытын, валюта бағамын дұрыс көрсетіп тұр. Бәлкім, солардан үйренген жөн шығар?
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор