Жақында болған валюта бағамының күрт өсуі Атыраудағы жылжымайтын мүлік нарығындағы бағалардың өзгерісіне әкелмеді. Мұнай астанасында салынып жатқан үйлердің көбеюі бағаға әсер етуі мүмкін бе?
Сарапшылар эконом-класс пәтерлерінің құнын бұрынғы деңгейде ұстап тұратын «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы есебінен нарықтың тұрақты болатындығын болжап отыр. Облыстық Статистика департаментінің мәліметтеріне сәйкес, Атыраудағы бірінші және екінші деңгейлі тұрғын үй нарығында бір шаршы метрдің бағасы 2017 жылдың басынан бері өзгеріссіз қалып отыр. Бір шаршының орташа құны жаңа салынып жатқан құрылыстарда 326 мың теңге болады. Екінші деңгейлі нарықта баспана элиталы (262 мың), жайлы жабдықталған (261 мың) және ерекше жайлылығы жоқ (130 мың) деп бөлінеді. Сатып алушылардың басым бөлігі пәтерге 20 млн теңгеге дейін қаржы жұмсауға әзір.
- Қазір сатушылардың көбі бағаны көтеріп отыр. Көбінесе бұлар – сатуға асықпайтын, күте алатын және терможаңғыртудан өткен үйлердегі пәтер қожайындары. Тезірек үйін сатқысы келгендер өз баспанасын анағұрлым шынайы бағалайды. Доллар бағамының күрт өсуіне байланысты бағаның өзгеруі байқалмады, - деп әңгімелейді жергілікті жылжымайтын мүлік агенттіктерінің бірінің директоры.
Айта кету керек, жыл сайын жаңа тұрғын үйлер саны артып келеді. 2018 жылдың қаңтары мен шілдесі аралығында елімізде 57 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4 пайызға көп. Атырауда жыл басынан бері жаңа 2 586 пәтер берілді. Бұл 2017 жылға қарағанда 19,3 пайызға көп.
Анастасия Алюшина