Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі ресейлік RT телеарнасына сұхбат берген Руслан Боширов пен Александр Петров деген адамдардың әңгімелеріне сенбейтінін айтып, Ресейді кезекті рет жалған айтып отыр деп айыптады.
Аты-жөні аталған азаматтарды британ полициясы Солсбери қаласында бұрынғы агент Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны улады деп айыптайды.
Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі екі күдіктінің ресейлік арнайы қызметтің өкілдері екенін, олардың Солсбериде химиялық қару қолданғанын айтады.
Солсбери депутаты Джон Глен күдіктілердің "қаланың көрнекті жерлерін аралауға бардық" деп мәлімдегендері шындыққа сай емес деді. Оның айтуынша, олардың әңгімелері британ арнайы қызметінің ақпаратына еш сәйкес келмейді.
13 қыркүйекте RT телеканалы "Петров пен Боширов" деп таныстырғандардың сұқбатын жариялады. Олар "Наурыз айында Солсбериде не істедіңдер?" деген сұраққа, "Турист ретінде 123 метр биіктігімен танымал мұнараны көруге бардық. Біз ортақол кәсіпкерлерміз" деп жауап берген Петров пен Боширов.
Таяуда Ресей президенті Владимир Путин Петров пен Боширов – арнайы қызмет өкілдері емес, "қарапайым адамдар" екенін мәлімдеген.
Ұлыбритания прокуратурасы Петров пен Боширов Ұлыбританияға биыл 2 наурызда ресейлік төлқұжатпен келгенін, бірақ олардың шын аты-жөндері белгісіз екенін мәлімдеген. Тергеу мәліметінше, олар улы "Новичок" химиялық затын әтір құтысы арқылы өткізген.
Наурыздың 4-інде Солсбери қаласында Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль уланған. Лондон олардың СССР тұсында жасалған "Новичок" уынан уланғанын айтып, қастандықты Кремльден көреді. Мәскеу бұған қатысы барын жоққа шығарады.
Қыркүйектің 6-сы күні британ прокуратурасы Солсберидегі қылмысқа күдікті саналатын екі адамның суреттерін жариялаған.
30 маусымда Солсбери маңында "Новичоктан" Дон Стерджесс пен Чарли Роули деген екі британдық уланған. Ресейліктер пайдаланып, лақтырып кеткен иіссудың құтысын жергілікті тұрғын Чарли Роули тауып алып, оны құрбысы Дон Стерджесске сыйға тартқан. Әйел бірден қайтыс болған. Ал Роули дәрігерлердің бақылауында.
Дереккөз: azattyq.org