Владимирский көшесін жаңғырту және кеңейту жұмыстарына байланысты Авангардтың 4-ықшамауданындағы жол бойында орналасқан жұмбаққа толы Ахмет атаның бейітін Атыраудың орталық зиратына қайта жерлейді.
Бұған марқұмның туыстарының, діни кеңестің және қала ақсақалдарының келісімі алынған. Қайта жерлеу рәсімдері бірге жүреді – «Ноғай» бейітінде жаңа орын әзірленіп жатқанда, ескі зират қазылады. Жұмыстар осы аптаның соңына дейін аяқталуы тиіс.
Халық арасында Ахмет ата туралы көптеген аңызға айналған әңгімелер бар. Өткен ғасырдың 60-жылдары жергілікті билік жаңа Авангард ықшамауданының құрылысына кірісіп, ескі зиратты көшіру кезінде тек осы кісінің зиратын қозғай алмаған: біресе техника бұзылған, біресе тракторшы ақылынан адасыпты-мыс. Содан бері бұл шағын қоршау ішіндегі зират кейбір адамдардың зиярат ететін орнына айналған.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Ахмет Карпеков (1901-1952 жылдары өмір сүрген) Ұлы отан соғысына қатысқан, К. Маркс көшесінде (қазіргі М. Қазырет) тұрған, қайтыс болған соң, қаланы кеңейту мақсатында сүрілген осы ескі зиратқа жерленген. Бұл жолы жауынгердің рухы қайта жерлеуге қарсылық білдірмейтін шығар.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА