Еуропа Одағы (ЕО) Ресейдің бірқатар азаматы мен Донбасстағы Ресей қолдайтын сепаратистерге салған санкциясын жарты жылға ұзартты. Бұл туралы 13 қыркүйекте Азаттықтың Брюссельдегі тілшісі Рикард Йозвяк хабарлады.
Санкция тізімінде 155 жеке тұлға мен 44 компания бар. Оларға санкция Қырымды аннексиялауға және Украина шығысындағы қақтығысқа қатысты салынған. Санкцияға ілінгендердің банктегі есепшоты бұғатталып, ЕО аумағына кіруіне тыйым салынған.
ЕО Ресейге және Қырымның өзіне қатысты бірқатар экономикалық санкциялар салып, жекелей шектеу шараларын енгізген. Еуропалықтардың Қырымға инвестиция құюына, түбектен жылжымайтын мүлік сатып алуына және ол жаққа түрлі тауар жеткізуіне тыйым салынған.
Биыл маусымда Италия премьер-министрі Джузеппе Конте Ресейге қарсы санкцияны ұзартуға қарсы шыққан. Ал 30 шілдеде ол АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескенінде Мәскеуге шектеу шараларын енгізуден бас тартуды "ақылға сыймайды" деп атаған.
Дереккөз: azattyq.org