Brexit жоспарына қарсы шыққан Ұлыбритания Консервативтік партиясының депутаттары премьер-министр Тереза Мэйді биліктен кетіргісі бар. Осы мәселені талқылаған саясаткерлерді «Мұны қашан және қалай жүзеге асыруға болады» деген сұрақтар мазалап жатыр.
-ВВС телеарнасының хабарлауынша, премьер-министр Тереза Мэйдің Еуроодақтан шығу бойынша жоспары мүлдем сын көтермейді. Оның партиялас 50 әріптесі министрлер кабинетінің жетекшісін биліктен кетіру үшін осы күзде жүзеге асуы мүмкін әртүрлі саяси сценарийлерді қарастырып жатыр. Еуропалық зерттеу тобына кіретін депутаттар премьердің бастамаларын «апатты» деп бағалап, «бұлай жалғаса беруі мүмкін емес» деген пікірде. Қазірдің өзінде премьерге сенімсіздік білдіруге бағытталған жолдау дайын, бірақ оның авторлары қандай да бір әрекет жасауды кейінге қалдырып отыр. Бірақ халықтың алдында сөз алғанда күмәншіл саясаткерлер Мэймен ниеттес екендіктерін жеткізді.
Джейкоб Рис-Могг, Еуропалық зерттеу тобының жетекшісі: - Премьердің саясаты өзеруі тиіс, бірақ мен оны қолдаймын. Тереза Мэйдің жақсы қасиеттері көп. Ол өте тілалғыш. Дегенмен, саясатының бір тармағының өзгергенін қалаймын. Негізінде дау Ұлыбританияның алдағы 10 жыл көлемінде Еуроодаққа төлеуі тиіс 40 миллиардқа жуық еуро турасында болып тұр. Депутаттар оны көп көрсе, премьер «солай болуы тиіс» дейді. Тереза Мэй, Ұлыбритания премьер-министрі: - Біз өз міндеттемелерін орындайтын елміз және заң үстемдігіне сенеміз. Сондықтан заң міндеттемелері орындалуы керек. Brexit туралы келіссөздер осы жылдың қараша айына дейін созылмақ. Одан кейін келісімді Еуропарламент пен Вестминстер мақұлдаулары қажет. Ал Brexit-тің өзі келер жылдың 29 наурызында жүзеге асады. Жоспарға сәйкес бұл процесс 2020 жылдың 31 желтоқсанында аяқталуы керек.
Дереккөз: baq.kz