Варшавада Тәжікстан үкіметі делегациясы мен Human Rights Watch (HRW) халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы өкілдері кездесті. Кездесу жабық түрде өтті.
Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, тараптар кездесу қорытындысын БАҚ өкілдеріне ресми хабарлаудан бас тартты. Кейін кездесуде Тәжікстандағы адам құқықтары жайы қозғалғаны белгілі болды.
HRW-дың Орталық Азия бойынша зерттеушісі Стив Свердлов кездесу нәтижесіне қанағаттанатынын айтып, алдағы уақытта Тәжікстан билігімен ынтымақтастық орнатамыз деген ниетін жеткізді.
HRW ұйымымен кездесуге Тәжікстан делегациясын сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Низомиддин Зохиди бастап барды.
Тәжікстан үкіметінің делегациясы Варшаваға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының адам құқықтары өлшемдері бойынша жыл сайын өтетін жиынына қатысуға барған.
Дереккөз: azattyq.org