ҚР мемлекеттік сатып алулар сайты «Қашықтан зондтау және геоақпараттық жүйелер мәліметтерін қолдану негізінде Атырау облысы аумағында Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі мұнаймен ластануды талдау» лоты бойынша өтетін тендер туралы хабарлады. Жоба құны 47,3 млн теңге. Тендерді «Қазақстан ғарыш сапары ҰК» АҚ жеңіп алатынына шүбә келтірмей-ақ қоюға болады, өйткені, басқа бәсекелес жоқ.
«АЖ» тілшісіне облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан хабарлағандай, бұл кешенді бағдарламаны «Атырау облысы әкімі аппаратының "Ахуалдық орталығы" мемлекеттік мекемесі жүргізеді. Зерттеу нәтижесінде теңіз жағасындағы батып кеткен және төгінділер орын алатын мұнай ұңғымаларының картасы жасақталады.
Экология департаменті қызметкерлерінің айтуынша, ол жерде қанша батып кеткен ұңғыма бар екенін ешкім айта алмайды, кей мәліметтер бойынша 200, ал өзге ақпаратқа сәйкес, 2000 ұңғыма болуы мүмкін. Жердің жасанды серігінен ғарыштық зондтау жүргізген «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясынан жақында хат келді. Алдымен Астана және Алматы маңындағы аумақтарды түсіргенде көп көлемде санкцияланбаған қалдық төгетін орындар мен рекультивацияланбаған карьерлер табылса, Атырау облысының теңіз маңынан мұнай қалдығына ұқсас 29 нүкте табылған. Хатта координаталар көрсетілген. Енді осы мәселемен айналысатын ведомствоаралық комиссия құрылады. Экологтардың айтуынша, соңғы жылдары су 30 шақырымға тартылып кетті, теңіз бұл мәселеге адамның араласуын тілеп тұрғандай. Бір жағынан, қалдықтың жиналған жері немесе өртенген шөптің орны ғарыштан «мұнай» дағына ұқсап тұруы да мүмкін. Сондықтан, теңізге қандай лас нәрсе қандай көлемде түсіп жатқанын білетін заман келді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ