Атырау, 29 қараша 20:52
 ашықВ Атырау -4
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Идлибтегі қақтығыс қашан тоқтайды?

2 000 просмотра


Сирия әскері соңғы рет ірі операция өткізіп, соғысты аяқтамақ. Жоспар бойынша Идлиб провинциясына шабуыл жасалады. Бұл – оппозиция бақылауында қалған елдің соңғы аумағы. Ал БҰҰ өкілдері бейбіт тұрғындар зардап шегетін ірі қақтығыстарды болдырмауға шақырды. 

Президент Асад соғысты аяқтауға шындап кірісті. Қарулы оппозицияның соңғы тірегі Идлиб провинциясымен шекарада ірі әскери бөлімдер, танктер мен артиллерия шоғырланған. Жаяу әскерге жол ашу үшін ұшақтар жасақшылардың бекіністерін бомбалап жатыр. Стафан Де Мистура, БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі: - Бәріміз соғысқа нүкте қойылып, Идлибтегі қақтығыс тоқтаса деп тілейміз. Сондықтан келіссөздерге көбірек уақыт бөлуді сұраймыз, әсіресе Ресей мен Түркия арасында. Осы тараптардың Идлиб мәселесін шешуге мүмкіндігі мол. БҰҰ шабуылға қарсы, себебі бұдан бейбіт тұрғындар жапа шегеді.  Дональд Трамп Twitter-парақшасында: «Сирия президенті Башар Асад Идлиб провинциясын шабуылдамауы керек. Ресей мен Иран осы қимылға қатысса, бұл үлкен қателік болар еді. Жүздеген мың адам опат болуы мүмкін. Бұған жол бермеңдер!» деп жазды. Алайда Кремльдің ұстанымы бөлек – Сирия үкіметі лаңкестермен күресіп жатыр, ал Мәскеу бұған көмектеседі. Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі: - Сирияның заңды үкіметіне келетін болсақ, өз дербестігін қорғап, лаңкестердің жолын кесуге толық құқығы бар. Қауіпсіз аймақ болып жарияланған Идлибтегі басты мәселе үкіметпен тілдесуге дайын қарулы оппозиция мен лаңкестерді ажырату болып отыр.

Ал Ресей осы кезде Жерорта теңізінде соңғы кездегі ең ауқымды әскери жаттығуын бастады. Оған ондаған кеме мен ұшақ жұмылдырылған. Арасында алыс қашықтыққа зымыран ататындары да бар. Осы жаттығу Израильдің негізгі әуежайының жұмысына кедергі келтірген. Әуекомпаниялар ұшу бағыттарын өзгертіп, рейстер кейінге шегерілді.  Александр Гринберг, арабтанушы: - Бұл операциядан кейін Асад жеңіске жетеді деп айту қиын. Өйткені азаматтық соғыс басталады. Жерді басып алу жеткіліксіз, оны бақылауда ұстау керек. Ал оған Асадтың күші жетпейді. Идлибтегі гуманитарлық жағдай да мәз емес. Жарылыстар мен бомбалаудан айтарлықтай зақым келген. Ал жараланғандар медициналық көмекке зәру, дәрі-дәрмек пен азық-түлік те тапшы.  Алайда жасақшылардың шегінетін түрі жоқ, олар соңына дейін шайқасуға бел буып отыр.

 

Дереккөз: 24.kz

7 қыркүйек 2018, 09:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.