Атырауда былтырдан бері мектепке дейінгі мекемелерге жолдама алудың электронды кезегі жұмыс істейді. Қалалық білім бөлімі қызметкерлерінің пікірінше, техникалық жаңалық сыбайлас жемқорлық қатерінің жолын барынша кеседі.
- Енді біздің бөлім арыз қабылдау және жолдама беру процесіне араласпайды. Барлығы электронды жүйеде орындалады. Олар енді тек осы жүйемен байланысып, қажетті балабақшаны таңдап, балаларын орналастыра алады. Дегенмен, арызды EGOV арқылы электронды түрде және ХҚКО арқылы қағаз жүзінде беруге де болады. Қала тұрғындары кезекті garden.atyrau.gov.kz сайты арқылы басқара алады, барлық мәліметтер уақытымен жаңартылып отырады, - деп хабарлады қалалық білім бөлімі.
Арыз берерде балабақша мен оқыту тілі көрсетілмейді, ол орынды бөлу кезінде жүзеге асады. Кезек балалардың туған жылы мен арыз берген уақыт бойынша жасалады. Неғұрлым ерте берсең, кезегің соғұрлым тез келеді.
- Балабақшаларда жыл ішінде күн сайын дерлік бос орындар пайда болып отырады. Қала үлкен болған сайын кезек тез өзгереді, - деп қорытындылады білім бөліміндегілер.
Егер бос орындардың арасында өзіне ыңғайлы балабақша пайда болса, ата-ана жүйені өзіне хабарлама жіберетіндей етіп реттей алады. 12 айдан кейін арызыңыздың әлі де өзекті екенін растап отыруыңыз керек – жүйе бұл туралы ата-анаға хабарлама жібереді. Бұл талап ескірген арыздардан құтылып, кезектің алға жылжуы үшін қажет. Еске салайық – бұл электронды жүйе 2017 жылы іске қосылған.
Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ