Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джереми Хант Еуропа Одағын (ЕО) ресейлік экс-агент Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипальдің Солсбериде улануына байланысты Ресейге қарсы жаңа санкциялар салуға көндіретінін мәлімдеді.
Парламентте сөйлеген Хант АҚШ таяуда Солсберидегі жағдайға байланысты Ресейге қарсы жаңа санкциялар салғанын және Ресей егер қойылған талаптарды орындамаса үш айдан соң шектеу шараларын күшейтетінін айтты.
Ханттың сөзінше, қастандық Еуропа елінде жасалғандықтан, Еуропаның АҚШ-тан үлгі алмауы "қисынсыз әрекет" болмақ.
Екі апта бұрын АҚШ-қа сапарлап келген Джереми Хант ЕО елдерін Ресейге қарсы санкцияларды қатаңдатуға шақырды.
BBC-дің хабарлауынша, Еуропаның оңтүстігіндегі елдер Ресейге қарсы салынған санкцияларды сынайтындықтан, санкцияны күшейту қиын болмақ.
Кеше Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйым (OPCW) британдық Дон Стерджесс шілде айында Эймсбериде Скрипальдер уланған жүйке жүйесін зақымдайтын "Новичок" уынан қайтыс болғанын растаған. Ұлыбритания "Новичок" СССР тұсында әскери мақсатта жасалған улы зат екенін айтып, Скрипальдерге қастандықты Ресейден көреді. Бірақ Кремль мұны терістейді.
Дереккөз: azattyq.org