Атырау, 25 қараша 20:03
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жер: не үшін және қалай беріледі

4 144 просмотра


Биыл 4 мамырда Назарбаев жер қатынастарындағы өзгерістер туралы заңға қол қойды. Бұған Атыраудағы және басқа қалаларда наразылық толқынын тудырған атышулы митингтерден кейін екі жылдан астам уақыт өткенде ғана қол жетті. «Жанды» мәселенің кейбір өзгерістері туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек ЕРМЕКҚАЛИ брифингте айтып берді.

Сол кезде митингтен кейін президент жарлығымен жер кодексінің бірнеше бабына мораторий жарияланған еді, ол 2021 жылға дейін күшінде қалды – бұл жерде бәрі бұрынғыдай.

Енді жер комиссиясы жұмысының ашықтығын көрсету үшін оның құрамына қоғамдық кеңес ұйымдарының, жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері қатыстырылады және олардың саны комиссия мүшелерінің 50 пайызынан кем болмауы керек. Жер комиссиясының жүргізген барлық рәсімдеулері міндетті түрде бейне және аудиожазбаларға жазылады. Қазіргі кезде онлайн режимде көрсетуге жұмыстануда.

Сонымен қатар аудандық, ауылдық округтердің әкімдері жер телімдерін тексеріп, игерілмеген немесе мақсатсыз игерілген жерлерді анықтап, ары қарай шаралар алу үшін хаттама толтыра алады.

Атырау облысының жалпы аумағы 11 млн 863 мың 100 гектарды құрайды және оның 7 санаты бар. Облыс бойынша тұрғын үй салуға жер алу үшін кезекте 108 384 адам тұр, оның 87 153-і – мұнайлы астанада. Биыл 2003-2004 жылы арыз бергендерге 600 жер телімі беріледі деп жоспарлануда.

- Алайда бұл сол жылы арыз жазғандарды толығымен қамтимыз деген сөз емес, - деп атап өтті Ермекқали.

Облыс орталығының аумағы барлық арыз бергендерді жер телімдерімен қамтуға жетпейді, сондықтан Алмалы және Береке ауылдарының территориясын Атырау қаласына қосу туралы мәселе қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, қайтадан инвентаризация жүргізуге тапсырма берілуде, себебі, кезекте тұрғандардың арасында қайтыс болғандар, басқа жаққа көшіп кеткендер т.б. бар. Және жаңартылған кезекті жер ресурстары бойынша геопорталға енгізу жоспарлануда.

- Қазіргі кезде кәсіпкерлік мақсаттағы жер сату аукциондары осы геопортал бойынша жұмыс жасайды. Ол жерде барлық ақпарат көрсетіледі. Осы жылдың 8 айында жалпы көлемі 595,8 гектар 131 жер аукцион арқылы 238 миллион теңгеге сатылған. Ал, ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлер конкурстық негізде беріледі, қазақстандықтар ондай жерлерді қысқа немесе ұзақ мерзімді жалға ала алады. Биыл  141 ауыл шаруашылық жер теліміне конкурс жарияланған.

- Жалғыз тұрғын үйі күреуге кеткен адамдарға өтемақы немесе пәтерден бөлек, кезектен тыс жер телімі беріле ме?

- Жоқ, тек өтемақы беріледі. Кезектен тыс ешқандай жер берілмейді.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

Суретті түсірген автор

5 қыркүйек 2018, 10:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.