Күз басталысымен ашылған аң аулау маусымы жануарлардың түріне қарай келесі жылдың 15 ақпанына дейін жалғасады. Биыл сүтқоректілердің 34, құстардың 54 түрі аңшылардың нысанына айналады.
ҚР АШМ орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің ресми өкілі Сәкен ДІЛДАХМЕТТІҢ хабарлағанындай, марал, аю, сібір тау ешкісін, сібір елігін, қабан, шіл, қарабауыр шіл, дала құстарын (қаз, үйрек), т.б. аулауға рұқсат етіледі. Қазір республика бойынша 701 аңшылық шаруашылығы бар.
Біздің өңірімізге келсек, Атырау облыстық аңшылар және балықшылар кеңесі жануарлардың түрі бойынша күзгі аңшылықтың мерзімдерін, сонымен қатар биоресурстар үшін төлемдерді ескере отырып, аңшылық жолдамалардың құнын бекітті:
- қаз, үйрек, қасқалдақ – 1 қыркүйек - 30 қараша;
- сұр шіл – 1 қыркүйек - 30 қараша;
- ор қоян – 15 қазан - 15 ақпан;
- қабан – 1 қыркүйек - 31 желтоқсан;
- суда жүзетін құстар үшін маусымдық аңшылық жолдама (50 үйрек, 5 қаз, 1 қасқалдақ) - 11 020 теңге;
- сұр шіл үшін маусымдық аңшылық жолдама (15 шіл) - 8 375 теңге;
- ор қоян үшін маусымдық аңшылық жолдама (5 қоян) - 8 545 теңге.
Қабанға арналған аңшылық жолдама (лицензия):
- еркегі – 21620 теңге;
- ұрғашысы мен биылғы төлі – 18 215 теңге.
Фархат ӘБІЛОВ