Атырау, 25 қараша 20:50
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Өзен арналары тазаланады

3 665 просмотра


- Жайық және Қиғаш өзендерін тереңдету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, - деп Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ жақында өңірімізге келген президент алдында есеп берді. «АЖ» оқырмандарының есінде шығар, бұл жұмыстар сонау 2013 жылы сол кездегі өңір басшысының тұсында басталады деп жоспарланған еді. Қазір жұмыстар қандай кезеңде?

«АЖ» тілшісіне облыстық құрылыс басқармасындағылар бұл жобаның мақсаты Яицкий, Ганюшкин, Жаркосин каналдарында балықтардың еш кедергісіз өтуіне жағдай жасау, балық ресурстарын сақтау, табиғи жағдайда балықтардың көбеюі мен мекендеуіне  барынша қолайлы жағдай жасау, сонымен қатар жануарлар және өсімдік әлемінің түрлілік құрамын сақтау, балық аулау көлемін көбейту мақсатында балық шаруашылығы мелиорациясын жүргізу екенін мәлімдеді.

- Бұл жұмыстар барысында өзендердің түбі топырақтан тазартылады. Ол балықтар үшін қауіпті емес пе?

- Солар үшін жасалып жатқан нәрсе ғой, - деген қысқа жауап алдық.

Жайық өзеніндегі жұмыстарға республикалық және жергілікті  бюджеттерден 2 млрд 129 млн теңге, Ганюшкин және Жаркосин каналдарына 5 млрд 421 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме – «Павлодар өзен порты» АҚ мемлекеттік тапсырыстың толық көлемін 2020 жылдың желтоқсанына дейін «сарқуы» керек.

- Жұмыстар Қиғаш өзенінің ұзындығы 151 шақырым болатын бөлігінде жүргізілуде, - деді «Павлодар өзен порты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мақсат САДУАҚАСОВ. – Жайық өзенін тереңдету жұмыстары 2017 жылдың желтоқсан айында басталды. Жобаға сәйкес, топырақ өзеннің әр жерінен алынады, барлығы 23,5 шақырым болмақ. Сонымен қатар Каспий теңізіне дейін ұзындығы 17 шақырым болатын жаңа канал қазылады. Жайықтың өзіне келсек: су асты топырағын қазу және оны жағаға шығару жұмыстарын операторлар мен мотористер екі ауысыммен 8 сағат бойына жүргізуде.

Тазалау жұмыстарына жағадағы талдар мен бұталарды (өздігінен өсіп шыққан), қамыстарды да жұлу кіреді. Каналдарды тазалау және салу жұмыстары 2,5 метр тереңдікте жүргізіледі, түбінің ені 25 метр, қабырғаның орналасуы 1:2, тазалау жұмыстарының орташа тереңдігі 1,45 метрді құрайды.

Жыл ішінде жұмыстар 15 шілде мен 1 желтоқсан аралығында жүргізіледі. Бұл «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің бағалы балық түрлерін өндірушілердің өтуін қамтамасыз ету үшін берген ұсынысы.

Аталған жұмыстардың барысында көктемде Жайық өзеніне уылдырық шашу үшін балықтар кіретін ескі каналдар да тазаланатын болады. Жоғарыда аталған 17 шақырымдық канал Каспий теңізін осындай тазартылған балық өтетін каналдардың бірімен байланыстырады, каналдардың тереңдігі 2,5 метрден кем болмауы керек.

Фархат ӘБІЛОВ

29 тамыз 2018, 11:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.