Жақында ғана туыстарының бейітіне барған 81 жастағы зейнеткер Георгий БОЛДЫРЕВ өз жақындарының моласын қорлағанын көріп есеңгіреп қалды: шойын шынжырлар, тот баспайтын болаттан құйылған тұтқалар мен қоршаудың жартысы ұрланған. «Бұл осымен екінші рет орын алып отыр, - дейді ол. – Алдымен менің апамның мәйітінің қоршауын ұрлап кеткен еді, енді ата-анамның қабірі зардап шегіпті...»
Кейін анықталғандай, ол өз кезінде Петровский атындағы жергілікті зауытта болаттан осындай қоршаулар мен басқа да бұйымдар құюмен айналысқан екен. Зират басындағы көптеген қоршауларды осы кісі жасапты.
Өзінің шағын зерттеуін жүргізген зейнеткер зиратты түгел аралап, келесідей жағдайларды анықтаған. Біріншіден, ұрлық көп. Екіншіден, көбінесе 70-80 жылдары тұрғызылған, сапасы жоғары қоршаулар қолды болады екен. Үшіншіден, зираттың орта тұсы вандализм үшін қолайлы жер болып шықты.
Былтырдан бері мұсылман зиратына қоса осы көрші орналасқан христан зиратын сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер Сырым КУЛЬЧИЕВ бұл мәселеден хабардар:
- Соңғы екі ай ішінде жасалған бұл оныншы ұрлық болып тұр. Мұсылман зиратынан да ұрлайтындар көп. Біздің қарауылшылар қанша тырысқанмен, физикалық түрде аумағы 132 гектар болатын зиратты түгел қамти алмайды. Былтырдан бері өз күшімізбен екі рет қылмыскерлерді ұрлық үстінде қолға түсірдік.
Христиан зиратының қарауылшысының сөзінше, ұрылар түн ортасында аумақ периметрі бойынша орнатылған бетон қоршаудың астымен өтіп келеді екен.
- Кеседі, аралайды, дайындап қояды да, зираттың қақпасы ашылғанда газельдермен келіп тиеп алып кетеді. Біз күмән туғызған жүк газельдерін жиі тексереміз. Кей жүргізушілер түсіністікпен қараса, кейбіреулері не тиеп келе жатқандарын көрсетуден бас тартады. Ал қарауылшылардың автокөлікті тексеруге құқығы жоқ...
Бір-екі күндікте зиратта ұрылар тағы қолға түсіпті. Олар қарсылық танытпай, бір таксистпен бірге жұмыс жасағандарын айтқан және металл сынықтарын қабылдайтын пунктке 600 килограмм болат қоршауларды тапсырғандарын мойындаған.
Зират қарауылшылары осындай әрекеттері үшін жаза алған жандардың жоқ екендігін атап өтті. Полицейлер де тергеу және шығын көлемін бағалау барысында сомалар көп еместігін біледі. Сондықтан сотта әдетте мұндай әрекеттерге тек айыппұл тағайындалады.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суретті түсірген автор