БҰҰ-ның мәліметі бойынша, Сауд-Арабиясы тарапынан Йеменге жасалған екі әуе шабуылының салдарынан кем дегенде 26 бала қаза тапқан.
«AFP» агенттігінің хабарлауынша, көтерілісші-хүситтердің бақылауындағы Ходейда қаласының оңтүстігіндегі Әд-Дурайха ауданындағы бомбалау кезінде төрт әйел мен 22 бала қаза тапқан. Сонымен қатар, Әд-Дурайхадағы әуе шабуыл кезінде тағы төрт бала көз жұмған. «Бір аптаның ішінде екі рет әуе шабуылын жасаған Сауд-Арабиясының басқаруындағы одақ азаматтық тұрғындарды да құрбан етті», - деп мәлімдеген БҰҰ-ның гуманитарлық көмек жөніндегі бас хатшысының көмекшісі Марк Лоукок. Оның сөзінше, БҰҰ Йеменде үш жылдан бері жалғасып келе жатқан азаматтық тұрғындарға қарсы шабуылды «тәуелсіз түрде, жан-жақты әрі өте тез зерттеуге» шақырады. Бәрімізге белгілі, 22 тамызда Сауд-Арабиясының жетекшілігіндегі одақтық күштер Йеменнің солтүстік-батысындағы көтерілісшілер тұратын ауданға әуе шабуылын ұйымдастырған еді. Хүситтердің бақылауындағы ақпарат көздерінің мәліметінше, осы шабуылдың кесірінен 30 адам қаза тапқан, оның 22-сі балалар. Негізінде, Сауд-Арабиясы, БАӘ және олардың сүнниттік одақтастары үш жылдан бері Йеменде Иранның қолдауына ие көтерілісші-хүситтерге қарсы күресіп келеді. Хүситтер ел астанасы Санамен қоса, Йеменнің солтүстігін де бақылауда.
Дереккөз: qazaqtimes.com