Жұма күні Вильнюсте Ресейдің Литвадағы елшілігі алдында үш жыл бұрын қастандықтан қаза тапқан ресейлік саясаткер Борис Немцов атындағы саябақтың ашылуы болды. Оған жүздеген адам қатысты. Олардың арасында Литва билігінің өкілдері, сонымен бірге жергілікті және ресейлік саяси тұлғалар болған.
Литваның сыртқы істер министрі Линас Линкявичюс Немцовты Ресей демократиялық күштерінің "символы" деп атап, оның бірнеше ондаған жыл бұрын Литва республикасына тәуелсіздік алуына көмектескенін де айтып өткен.
Вильнюс мэрі Ремигюс Шимашюс Ресей елшігінің "Немцов саябағына жақын орналасқанына мақтанатын күн туатынына" үміт білдірді. Борис Немцов қорының басшысы Владимир Кара-Мурза қандай қызметте болса да, Немцовтың өзі сенген принциптер мен құндылықтарға адал болғанын айтты. Ол Немцовтың "ресейлік жемқорларды" санкция тізіміне енгізуге күш салғанын, сонымен бірге сайлаудағы жалған әрекеттерге қарсы наразылық шаралар ұйымдастырғанын, Ресейдің Украинаға агрессиялық саясаты мен шетелдіктердің баланы асырап алуға тыйым салу заңына қарсылық танытқанын атап өтті.
Бұған дейін Литвадағы Ресей елшілігі саябаққа Немцовты атының берілуін "русофобия әрекеті" ретінде бағалаған еді. Шарада елшіліктің бұл әрекеті сыналып, "Яблоко" фракциясының өкілі Борис Вишневский саябаққа саясаткердің есімін берген Литваға "Ресейге көрсеткен құрметі" үшін алғыс айтқан.
Литвалық саясаткер Витаус Ландсбергис "шығармашылық потенциалы зор" Ресейдің қазіргі кезде бар назары "адам өлтірудің ең бір әккі амалдарына" шоғырланып отырғанына өкініш білдірді. Ол "саналы азаматтарды" Немцовтың ізінше "Путиннен кейінгі Ресей" жайлы ойлауға шақырды.
Немцовтың қызы Жанна Немцова әкесінің "дара саясаткер" болғанын айтып, оның осы шаққа дұрыс диагноз қойып қана қоймай, болашақты да дәл болжап білгенін атап өтті. Ол 2007 жылы жарық көрген әкесінің "Исповедь бунтаря" кітабын мысалға келтіріп, ондағы Ресейдің "империялық" жолмен кетіп бара жатқаны туралы көзқарас барын айтқан.
Ресейлік оппозиционер Борис Немцов 2015 жылы ақпанның 28-іне қараған түні Мәскеу қаласында Кремльге жақын маңдағы көпір үстінде ту сыртынан атқан алты оқтан ажал құшты. Оның қазасы бойынша айыпталғандарға сот үкімі өткен жылы шілдеде шыққан. Саясаткерді атып өлтірген Заур Дадаевты 20 жылға бас бостандығынан айырды, тағы төрт адамға 11 жылдан 19 жылға дейінгі мерзімге түрме жазасы тағайындалды. Адам өлтіруге кім тапсырыс бергені әлі күнге дейін анықталған жоқ.
Дереккөз: azattyq.org