АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон мен Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев Женевада кездесті. Кездесу қорытындысында бірлескен мәлімдеме жасалмады.
Болтонның айтуынша, келіссөзде ол АҚШ-тағы президент сайлауына Ресейдің килігуі мәселесін көтерген.
АҚШ президентінің кеңесшісі Вашингтон кезекті сайлау процесіне басқа елдің араласуына енді жол бермейтінін айтты. Оның сөзінше, АҚШ қараша айында өтетін Конгресс сайлауына кедергі жасалуына жол бермейді.
Жабық өткен екі тараптың кездесуі бес сағатқа созылды. Кездесу барысында Сириядағы соғыс, Украинаның шығысындағы қақтығыс және екіжақты қарым-қатынас аясында АҚШ санкциясының күшеюі мәселелі талқыланды. Патрушев келіссөз аяқталғаннан кейін, АҚШ ресми өкілдерін Ресейге шақырды. Бірақ келесі кездесуді қашан өткізу жөнінде келісім жасалмады.
Дереккөз: azattyq.org