Атырау, 25 қараша 20:18
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Назарбаев Атырауда: Астрахан мен Ақтөбе арасына жол салынады

Сурет Бейнежазба
5 779 просмотра


23 тамыздағы Атырау облысына сапары барысында Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Карат» ЖШС-нің «Дәулет» индустриалды аймағына (нан және макарон өнімдері, консервілер және т.б.), «Жігермұнайсервис ЖШС зауытына (конструкцияларды роботпен дәнекерлеу жаңалығын енгізген), «Ембімұнайгаз» АҚ кеңсесіне («ақылды» кен орнының таныстырылымы) және жаңа Студенттер үйіне («ҚазТрансОйлдың университетке тартуы) бас сұғып, кейін үлкен жиын өткізді.

Облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ бірінші жартыжылдық бойынша есеп берді:

- Негізгі капиталға салынған инвестициялар 45 пайыз өсімді көрсетті. Дегенмен, өңдеу өндірісіне салынған инвестиция өткен кезеңмен салыстырғанда 50 пайызға төмендеген, бұл АМӨЗ және «Жігермұнайсервис» компанияларының модернизациясының аяқталуына байланысты.

Ары қарай әкім Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 2015-2019 жылдары 3,1 трлн теңгеге 31 жоба жүзеге асатынын және 3 065 жұмыс орны ашылатынын айтып өтті. Ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемі 2,5 пайызға өскен, облыста 20 асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық бар. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында Қиғаш және Жайық өзендерін тереңдету жұмыстары жүргізілуде.


- Денсаулық сақтау саласында өлім және түрлі аурулар көрсеткіші төмендеп келеді. Денсаулық сақтау объектілерін интернетпен, компьютермен жабдықтау, медициналық ақпараттық жүйемен қамтамасыз ету 100 пайыз, кадрлармен қамтамасыз ету бойынша: 2016 жылы 144 маман жетпейтін болса, қазір 92 маман жетпейді. Биыл 247 маманға облыстық бюджет есебінен грант бөліп отырмыз, соның 54-і – дәрігерлерге.

- Өлім төмендеді, солай ғой, кадрлармен қамтамасыз ету бар, бірақ маған келіп түскен ақпарат бойынша жұрттың дәрігерлердің жұмысына көңілі толмайды. Көбі сыртқа барып емделеді, оның бәрі қайдан шықты?– деп сөзін бөлді президент.

- Ондай жағдай бар, облыс халқы кезінде көрші Астраханға ағылып, сол жақтың медицинасына жүгінген, қазір біз жас мамандарды ғана емес, тәжірибелі мамандарды да шақырып отырмыз. Жағдайды өзгертуге тырысып жатырмыз, бұл тапсырманы дәрігерлер біледі. Материалдық-техникалық жабдықтау қажетті деңгейде. Қаражат бөлінуде, біліктілікті арттыру мәселелері де шешілуде, - деп жауап берді әкім.

Бұдан соң бірнеше адам сөз сөйледі. Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек АЙТБӨКЕШЕВ биыл мектепке оқуға түсуге 1500 оқушы құжат тапсырып, оның 120-сы қабылданғанын атап өтті.

- ТМД елдерінде мұндай мектеп жоқ. «Бұл байлардың балаларына арналған» деген әңгіме бар, бірақ бұл мектептерге әділ біліммен түседі. Адам баласы әртүрлі, біреуі игере алады, біреуі игере алмайды. Мен Назарбаев зияткерлік мектебі мен Назарбаев университетін қазақ элитасын тәрбиелесін деп жасадым. Бұл жерде ең мықтылар оқиды, бірақ бәрі әділ болуы тиіс, олай болмаған жағдайда қатаң жазалайтын боламын, - деді Назарбаев.

«Wheel brothers» мотоклубының жетекшісі Олег ШМАЛЬДІҢ еліміздегі мәдени орындарды зерттеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарына қатысты Назарбаев былай деді:

- Мен әлемнің барлық дерлік елін араладым, 251 басшымен кездестім, олар ауысады, ал мен әзір отырмын ғой, сондықтан осынша көп болып тұр. Біздің елімізде жақсы демалуға болатынына көзім жетті. Жақында Ақтауда болдым, қандай керемет жағалауы бар! Путин маған: «Каспийдің мынадай таза суы барын білмеппін, біздің Астраханда мұндай жоқ» деді. Ал біздің даламыз Бразилия ормандарынан көп оттегі береді. Бұл есептелген, мен де білмедім, біздің далада фотосинтез жақсы жүреді екен.

«Атырау. Маленькая страна» ҚҚ төрағасы Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ өз сөзінде орталық жұмыс жасап тұрған 6 жыл ішінде 350 балаға көмек көрсетілгенін айтты.

- Оңалту жұмыстарын алдымен аналардан бастау керек, тек бақытты әрі еңсесі жоғары ана ғана баласын аяққа тұрғыза алады. Біздің балаларымыз жалпы білім беретін мектептер мен балабақшаларға бара бастады. Қазір аумағы 5 гектар жерге шағын ауыл салып жатырмыз. Мұндай ауылдар тек Ұлыбритания мен Ресейде бар. Олардың үлгісін өзімізде қолданып көрмекпіз. Бүкіл Атырау жұрты бізге көмегін беруде. Көктемде ауылымыздың ашылу салтанатында сізді көргіміз келеді.

- Әрине, көруге болады, осы ісің үшін сен «Қазақстанның 100 есіміне» ендің ғой. Сен игі іс жасап жүрсің, - деп атап өтті президент.

Әрі қарай ол өңірдегі жолдардың жартысы қанағаттанарлықсыз күйде екеніне тоқталды. Және келесі жылы Астрахан мен Ақтөбеге дейін жолдардың құрылысы аяқталатынына сендірді.

- Біз Қытайдан Ресейге дейін 3000 шақырым жоғары дәрежегі автокөлік жолын, 2500 шақырым темір жол салдық. 2020 жылға дейін бүкіл Қазақстанды жоғары санатты автокөлік жолымен жабатын боламыз.

Президент өңдеу өнеркәсібіне тікелей шетелдік инвестициялар Қорын құру туралы хабарлады:

- Біз жеңіл өнеркәсібімізді жоғалтып алдық, мен қанша рет өзімізде тігілген костюмдерді кидім, ал сіздер әлі «Бриони» киіп жүрсіздер. Біз бәріміз қарапайым отбасында өстік, ештеңе көрген жоқпыз, ал ақша пайда болғанда қабат-қабат үй салып, керемет көлік мініп алдыңдар. Ал қазір сол үйлерін сата алмай жүргендер қаншама? Бізде бәрі жұрт үшін, жарысып жүреді. Бұл нағыз надандық. Маған мен жасаған бағдарламалардың жергілікті жерлерде орындалмайтынын туралы жазады. Жұртты коммуналдық қызметтердің бағасы толғандырады. Мұның бәріне кім жауапты?

- Облыста тарифтер 2017 жылдан бері өзгерген жоқ, - деп жауап берді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан СҮЙІНІШӘЛИЕВ. – Сумен қамту бағасы 100 теңге, ол қымбаттаған жоқ.

Жиын барысында өткір ескертулер де айтылды, жалпы алғанда президент әкім жұмысына оң баға берді.


Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

Фото және видео: Фархат ӘБІЛОВ

24 тамыз 2018, 10:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.