Өзбекстанның ұлттық телерадиокомпаниясының құрамындағы барлық телеарналарға эфирде елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтың есімін атамау жөнінде бұйрық берілген.
Жүргізушінің айтуынша, енді бұдай былай эфирден таралатын барлық бағдарламада Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың есімі аталмауы тиіс. Бұл бұйрықты президенттің мемлекеттік кеңесшісі Хайриддин Султанов берген.
- Басшылық бізге: “Егер Каримовтың есімі эфирде аталса, онда бастарыңмен жауап бересіңдер. Бұл мемлекеттік хатшы Сұлтановтың бұйрығы” деп айтты, - деген өзбекстандық телеарналарының бірінің жүргізушісі.
Өзбекстан телеарналарының бірінде бас редактор қызметін атқаратын есімін атамаған азамат та Азаттықтың Өзбек қызметіне мұндай бұйрықтың болғанын растап, оның жәй ғана ұсыныс емес екенін айтқан.
- Бұл ұсыныс емес - талап. Зиялы қауымның аға буын өкілдері Каримовты еске түсіріп, оны жиі ауызға алады. Сондықтан біз осы топ өкілдерін эфирге шығармас үшін барлық амалдарды қолдандық, - дейді есімін атамаған бас редактор.
Оның айтуынша, эфирде Каримовтың атын атамау туралы бұйрық шамамен бір ай бұрын пайда болған.
- Бірақ дүйсенбі күнгі жиналыста бізге оны тағы айтты. Жалпы жыл басынан бері Ислам Каримов жайлы азырақ айтып, Шавкат Мирзияев жайлы көбірек айтуға кеңес берген.
Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияев 2017 жылы елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтың атын мәңгі есте қалдыру қажеттігін айтқан. Өткен жылы қаңтар айында ол Каримовты мәңгі есте қалдыру туралы жарлыққа қол қойған.
2017 жылы 31 тамызда Өзбекстанның тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған шарада құттықтау сөз сөйлеген Мирзияев Каримовтың "туған елі мен мемлекет алдында сіңірген ұлы қызметін" атап өтіп, елдің есінде мәңгі сақталатынын айтқан.
Мирзияев есте қалдыру шараларының әрі қарай да жалғаса беретінін айтқан. Дәл осы күні Ташкенттегі "Оксарой" резиденциясының алдында Каримовқа арналған ескерткіш ашылды.
Дереккөз: azattyq.org