Үстіміздегі жылдың 22 тамызында мына екі ер адам түскен бейнеролик әлеуметтік желілер мен кейбір сайттарда біршама шу тудырды. Кадр сыртында жазбада видеоның Минскідегі казинода түсірілгендігі, ал кадрдағылардың Атырау облыстық ІІД-нің қазіргі басшысы Аян Дуйсембаев пен көпшілікке танымал кәсіпкер Махмуд Мералиев екені айтылады.
Бірнеше адамның (қызмет көрсетіп жүрген екі крупье мен әкімшіні қосқанда) ойынхананың вип-залында отырғандығы көрініп тұр. Клиенттердің бірі (масаң күйдегі Мералиев) ойын мекемесіндегі танысына қиқарлана сөйлеп, бірнеше рет ірі сомадағы фишкаларды қарызға сұрап отырды. Алайда әлеуметтік желілерде, әрине, алдымен Дүйсембаев қатты талқыға салынуда – қазіргі қызметін ескерсек, таңданатын нәрсе емес. Дегенмен, бұл бейнероликтің 2014 жылы ғаламторда жарияланғаны белгілі болды және сол кезде облыстық ІІД бастығының орынбасарының осы жағдайға қатысы бойынша ҚР Ішкі істер министрлігі тексеру жүргізген.
Қазір Меккеде қажылықта жүрген Махмуд Мералиев бейнежазбаның монтаж еместігін растады:
- Иә, 2014 жылғы қазан айында біздің Минскіде болғанымыз рас. Тек көрсетілген цифрлар қате әрі ойнаған ол емес, мен. Біз 40 жылдан бері доспыз, балалық шақтан біргеміз, соңғы 20 жылда отбасыларымызбен бірге демалуға барамыз. Сол кезде Аян Сәбитұлы да еңбек демаласында еді, біз топ болып Минскіге жол тарттық. Ойынханаға мені қызығушылығымды білетін танысым, казиноның директоры Осман Башар шақырған еді. Мен келдім, ішіп, мас болдым, өзімді лайықсыз ұстадым. Менің әйелім Дүйсембаевқа телефон шалып, оның келіп, мені осы жерден алып шығуға көмектесуін өтінді. 20 миллион дегендері де өтірік. Егер қызығушылық танытсаңыздар, менің пластикалық картамның банктік есебі бойынша тексеруге болады. Минскіге чемодан толы қолма-қол ақша апарғанымыз тіпті сандырақ.
2014 жылы шу тудырған бейнежазба бойынша тексеру жүргізген ҚР ІІМ ресми мәлімдемесі бойынша казиноның есеп-шотына аударымдар Мералиевтің есеп-шоттары мен карталарынан жүргізілген.
Оның сөзі бойынша Қазақстанда 20 жыл бұрын жұмыс жасап, сол кезде Мералиевке бизнес бойынша кеңес беріп, консалтингтік қызметтер көрсетіп жүрген Осман Башар әлдеқашан Түркияға оралған. Ол шынымен 2014 жылдың қазанында Махмудты Минскідегі «Карат» ойынханасына шақырғанын мойындады.
- Біз бүгін ойынхананың иесімен телефон арқылы сөйлестік, ол да біз сияқты видеоның ютубте тарап кеткеніне аң-таң. Мералиевке ешқандай талабымыз жоқ, бұрын да болмаған, - деді Башар телефонмен «АЖ» тілшісіне.
Комментаторлардың бір бөлігі бейнежазбадағы бизнесменнің «харам» іс-әрекетіне наразы. Мералиев болса жеке өмірін қорғау үшін сотқа шағымданбақшы.
- Сіз қазір Меккедесіз, яғни, дін жолындасыз. Роликті көрген казнет қолданушылары сізді шариғаттың талаптарын бұзды деп айыптауда.
- Мен көп жыл дұрыс жолда болмадым, тек 2015 жылы өзімді тоқтатып, жүріс-тұрысымды, ойларымды өзгерттім. Намаз оқып, қажылыққа бардым. Алайда мұның бәрі менің жеке өмірім, оған ешкімнің қатысы жоқ. Сонымен қатар жеке өміріме қол сұққандарды сот алдында жауапкершілікке тартуға ниеттімін. Тағы да айтсам бола ма? Өзгелерді талқылап, сыртынан сөз айтуға асыққандардың жүректері тазарса екен деп тілеймін, мен сияқты болмасын, жақсы қадамдар жасасын. Өзгерсін, құдай жолына менен де ерте келсін.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА