АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы жеке адвокаты Майкл Коэн Трамптың президент сайлауында жеңуі үшін қаржылық қылмыс жасағанын мойындады. Коэннің ісіне қатысты тергеуді Манхэттен прокуроры Джеффри Берман басқарады. Оның ресми өкілі әзірге Коэннің мойындауына қатысты комментарий бермеді.
Кінәсін мойындауға қатысты келісімнің мән-жайы әзірге толық жарияланбады. Коэн Трамптың мүддесі тұрғысынан әрекет еткенін және онымен өзара сөз байласқанын мойындап отыр.
Бұрынғы президент Билл Клинтонның бұрынғы кеңесшісі, саяси стратегияларды дайындаушы әрі АҚШ-тағы белгілі адвокат Лэнни Дэвис Twitter-де "Бүгін ол [Коэн] Дональд Трамп өзін сайлау нәтижесіне ықпал ету үшін екі әйелге ақша төлеу арқылы қылмыс жасауға итермелегені туралы айтты. Егер Майкл Коэннің мұндай төлем жасауы қылмыс болып есептелсе, онда бұл тұрғыда Дональд Трамп неге қылмыс жасаған болып саналмайды?" деп жазды.
Дереккөз: azattyq.org