Жыл басынан бері Атырау облысында ресми түрде 12 мың жұмыссыз тіркелген. Соған қарамастан, берілген мәліметтерге сәйкес, жұмыс жасаушылардың кірістері мен жалақылары өскен.
Облыстық статистика департаментіндегілер «АЖ» тілшісіне биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша өңірдегі орташа жалақы көлемі 282 000 теңгеге дейін өскенін хабарлады. Бұл былтырғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 11,3 пайызға артық. Ал жан басына шаққандағы номиналды ақшалай кірістер 5,4 пайызға көбейген.
Облыста ғана емес, республика бойынша тауарлар мен қызмет бағаларының өсуі номиналды жалақының өсуінен озып бара жатқаны белгілі. Яғни, адамдардың табысы өскен, бірақ бұл ақшаға олар бір жыл бұрынғыдай тауар сатып ала алмайды. Мәселен, ресми мәліметтерге сүйенсек, азық-түлік тауарларының бағасы 4,3 пайызға, азық-түліктік емес тауарлар бағасы 3,9 пайызға, ақылы қызметтер 2,6 пайызға өскен. Инфляцияның қандай екенін дүкендер мен базарларға баратын жандар жақсы біледі. Ойлану үшін қосымша ақпаратты біздің сайтымыз бен газетімізде апта сайын жарияланатын «Негізгі азық-түлік пен тауарлардың ағымдағы құны» салыстырмалы шолудан алуға болады.
Облыс халқы 2018 жылдың басынан бері 157 млрд 610 млн теңгеге сауда жасаған. Өткен айда жерлестеріміз негізінен балық, ет өнімдерін, сонымен қатар жеміс-жидектерді көп сатып алыпты.
Фархат ӘБІЛОВ