Атырау әкімдігі өлген мал өртелетін мал қорымын салуға 317 миллион теңге бөлді. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, тендер жарияланды.
- Нысан құрылысын биылғы жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр, - деп хабарлады қалалық әкімдікте. Демек, мұнай астанасында тағы да бір түтін мұржасы пайда болады деген сөз.
Мемлекеттік сатып алулар сайтында «Алаңы 565 шаршы метр болатын мал қорымы Атырау-Астрахан трассасынан оңтүстікке қарай 5 шақырым жерде орналасқан» деп көрсетілген.
Жоба бойынша 2 гектар қоршалған аумақта 3 биотермиялық шұңқыр, 3 крематор және ветеринар кабинеті орналасатын бір қабатты 3 ғимараты бар кешен салынады. Тәулік бойына күзетіледі. Мал «крематорийінде» бір уақытта 8 тонна қалдыққа дейін жоюға болады.
Қаланың ауа атмосферасына қандай зиянды заттар қосылады? Ветеринарлар қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат ала ма?
Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан ҚАПАНОВТЫҢ айтуынша, ол болашақ мал қорымы туралы әзірге ештеңе білмейді екен.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ