Атырауда Құрбан Айт мейрамы қарсаңында мал сою үшін санитарлық-ветеринарлық бақылауда болатын 4 мал базары белгіленді. Бұдан басқа, қалалық әкімдікте хабарлағандай, «Иманғали» мешіті мен басқа мешіттердің аулаларында малдарды құрбандыққа шалуға тыйым салынады.
«АЖ» тілшісі мал базарларына барып, бағаларын біліп қайтты: қой -20 мыңнан 65 мың теңгеге дейін (жасына байланысты), сиыр - 200 мыңнан 270 мыңға дейін, ешкі - 20 мыңнан 25 мыңға дейін, түйе - 350 мыңнан 380 мыңға дейін. Мал сою құны - 3000 теңге.
Мейрам күндері бұл баға екі еседей көтеріледі, сондықтан көпшілігі алдын-ала дайындалады:
- Мерекеге әлі бір апта бар болса да, мал базарына келдім. Әйтпесе, қой 40 мың теңге болып кетеді, есесіне бүгін 25 мыңға сатып алдым, - дейді Атырау тұрғыны Айша.
- Бағаны иесі белгілейді. Бізде қымбат емес. 5-7 мың теңгеге ғана түсіре аламын. Мысалы, мына тоқты бір жасқа толады. Өзі семіз, етті, айтқа құрбандыққа шалуға жақсы, - дейді Қызылқоға ауданынан келген сатушы Айбек.
Батыржан МАНСҰРОВ, Атырау облысының бас имамы:
- Айт намазы аяқталғаннан кейін мұсылмандар құрбандық шалуға кірісе алады. Қой мен ешкі бір жаста, мүйізді ірі қара - екі жаста, түйе - бес жаста болуы тиіс. Бірақ алты айлық қозы бір жастағы қойдың салмағын жинаса, онда құрбандыққа шалуға рұқсат беріледі. Қой немесе ешкі бір адамның атынан құрбандыққа шалынады, ал сиыр мен түйені бір немесе бірнеше адамның атынан шалуға болады.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор