2018 жылғы 1 шілдеде Қазақстандағы зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 8,4 трлн теңге, Атырау облысында - 522 млрд теңге болды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиалы директоры Вячеслав ЖҰМЫРОВ брифингте осындай цифрлар келтірді.
- Бірнеше жыл бойы жарналар түспеген зейнетақы шоттарын белсендіру үшін Қор осы шоттарды кері өңдеуге бастама көтерді, - деді Жұмыров. – Салымшылардың дерекқорында 2015-2017 жылдар аралығындағы жарналар түспеген немесе тұрақты түспеген шоттар анықталды. Жыл басынан бері 218 мың салымшымен байланыс орнатылды, оның ішінде 29 мыңға жуығы Қорға қосымша кеңестер алу үшін жүгінді, ал 50 мыңға жуық шотқа жарналар түсті. Бұл жұмыстар жалғаса береді.
2018 жылдың бірінші жартыжылдығында БЖЗҚ-дағы зейнетақылық төлемдер 100,9 млрд теңгені құрады, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударымдар - 8,8 млрд теңге, кесте бойынша төлемдер 63,4 млрд теңге. Бұдан басқа, БЖЗҚ 28,6 млрд теңге мөлшерінде біржолғы төлемдер жасады, оның ішінде 1,6 млрд теңге - жас ерекшелігіне байланысты төленген. Салыстыру үшін - өткен жылдың осы кезеңінде 121,2 млрд теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына - 14,7 млрд төленді. Төмендеу себебі - 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, жинақ ай сайын арнайы кесте бойынша төленеді, бұл оларды алу уақытының ұзаруына әкеп соғады.
- Биыл «Мобильді кеңсе» жобасын іске қостық, қазіргі уақытта кеңсе Құрманғазы ауданында орналасқан. 16 сәуірден бастап 31 шілдеге дейін біз 3 384 салымшыға қызмет көрсеттік. 59 сапар ұйымдастырылды, оның 28-і аудандарға шықты, - деді Жұмыров.
2018 жылдың 1 шілдесінен бастап БЖЗҚ өз қызметтерінің барлық түрін электронды форматта ұсынады. Қордың сайтындағы «Электрондық қызметтер» бөлімінде электрондық сандық қолтаңба болса, жеке зейнетақы шотын ашуға, өз шотыңыздан үзінді көшірме алуға, мәліметтеріңізді өзгертуге болады. Бұдан басқа, 2018 жылдың мамыр айында БЖЗҚ Telegram-ботты іске қосты, оның көмегімен, атап айтқанда, Қордың өзекті жаңалықтарымен және ағымдағы көрсеткіштерімен танысуға болады.
«АЖ» сауалдары
- Фрилансерлерді (Интернет арқылы өздеріне жұмыс істейтін ерікті мамандар - Н.Х.) зейнетақы жарналарын төлеуге міндеттеп қойды, бұл жұмыс Атырау облысында қалай жүріп жатыр?
- Иә, қазір азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша көп адамдар жүгінеді. Бұрын мұндай келісімшарт бойынша зейнетақы қорына жарна аударуға міндеттеген жоқ, ал 14 шілдеден бастап олар ай сайын кірістің 10 пайызын аударуы тиіс.
- Жақында БЖЗҚ-дан банктерге инвестиция салу үшін 200 миллиард теңге бөлінгеніне қатысты не айтасыз?
- Біз ақша бөлу мәселесін қозғамаймыз. ҚР Ұлттық қорын және зейнетақы активтерін басқаратын президент жанындағы кеңес бар, шешімді солар қабылдайды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА