Қызылқоға ауданындағы Миялы, Сағыз, Мұқыр ауылдары тұрғындары жаз бойы су тапшылығын бастан кешіреді. Бұл жылма-жыл қайталанып отырған көрініс. Ал амалсыз пайдаланып отырған жерасты құдық суы кермек тартады.
Миялы ауылында 6 мыңнан астам халық бар. Тұрғындардың айтуынша, күн жылынысымен ауылда су тапшылығы пайда болады. Соған байланысты, суды таңертең және кешке екі мезгіл беру кестесі енгізілген. Амал жоқ тұрғындар көшелерде тұрған бұрынғы жерасты суы құдықтарынан тасып ішеді. Олардың айтуынша, жер асты суының тұз дәмі бар, сусын қылып ішуге жағымсыз. Алайда көшедегі бұл құдықтарға су аз жиналып, жұрттың бәріне жете бермейді.
- Су қыс кезінде толық жетеді. Жаз шыға тұрғындардың бау-бақшасы, мал суару, құрылыс, басқа да қажеттіліктеріне орай сұраныс көбейеді,- дейді «ҚазСушар» РМКның Атырау филиалы Қызылқоға өндірістік учаске басшысы Сайлаубек ТЕМІРҒАЛИЕВ. – 4 жылдан бері портал арқылы сенімгерлік басқаруға конкурс бірнеше рет жарияланса да, ешкім алмады. Амал жоқ, сенімгерлік басқаруға алмасақ та, сол су құбырына біз қызмет көрсетіп жатырмыз. Бұл қосымша шығын.
Сағыз бен Мұқыр ауылдарында да осындай жағдай. «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырын «Р. Сүйеуғалиев» ЖК сенімгерлік басқаруға алып отыр. Күніне Сағызға 310-320 тонна, Мұқырға 270-280 тонна су беріледі. Бұл мөлшер жазғы маусымға жетпейді. Бұл тығырықтан шығу үшін Сағыздағы №3 ауыл тұрғындарын сумен қамту «АтырауТеміржолЖылу» ЖШС-нің Сағыз бөлімшесіне уақытша жүктелген. Бөлімше екі су таситын көлік шығарған.
Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бекнұр ӘЖІҒАЛИЕВ:
- Біз тұрғындарға құбыр суын тек ауыз суға пайдаланыңдар, басқа қажеттіліккке жерасты құдығын пайдаланыңдар деп жатырмыз. Суды жерастынан алатын болатындықтан тұздылығы бар, бірақ лабороториялық тексеруде мұның еш зияндылығы жоқ екендігін айтты.
- Су тапшылығынан құтылудың жолы бар ма?
- Ол үшін жазғы су құбырын жүргізу қажет. Оның сметалық құжаты жасақталып қойылды, енді сараптама жұмыстары жасалып жатыр. Жазғы суды Ойыл өзенінен аламыз деп отырмыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор