Жыл басталғалы бері сотқа екінші дейгейлі банктерден заңсыз ұсталған комиссияларды өндіріп алу туралы тұрғындардан 2091 өтініш түсіп, 200 млн теңгеден астам қаражат тұтынушыларға кері қайтарылған. Сонымен қатар, жыл басынан бері 4234 тұлғаға қатысты әкімшілік іс көтеріліп, 118 млн 600 мың теңге айыппұл салынған. Осы және басқа да сандар Атырау облысының сот төрағалары өткізген брифингте айтылды.
«АЖ» сұрақтары:
- Жыл басынан бері айыптау органдарына 20 қылмыстық іс кері қайтарылған. Кері қайтарудың себептері қандай?
Сұраққа қалалық №2 соттың төрағасы Мирамбек НАҒАШЫБАЕВ осы және келесі сұраққа жауап берді:
- Бұл қайтарылған істердің барлығы - электронды істер. Бұл электронды істердің басты ерекшелегі - қағаз жүзінде ешқандай құжат болмайды. Құжаттарды процессуалдық қателіктер болады. Техникалық мүмкіншілікке байланысты тергеу кезінде бабы көрсетіліп, тармақтары көрсетілмей қалуы мүмкін. Осындай істер кері қайтарылады. Кейін қателер түзетілгесін, іс сот өндірісіне алынып, сот процесін бастаймыз.
-Шетел азаматтарына қатысты ашылған қылмыстық істер көп пе?
- Көш басында шекараны заңсыз кесіп өту істері мен еңбек миграциясы заңнамаларын бұзу тұр. Көбінесе заң бұзатындар - Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары.
- Қандай жағдайда алимент көлемі өзгереді?
Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Айгүл ТАШЕНОВА:
- Алименттің мөлшерін азайту жөнінде сотқа арыз берген кезде, арызданушы қазіргі уақытта басқа отбасы бар екенін, балалары бар екенін көрсетеді. Заң бойынша 1 балаға 25% , екінші екі бала болса 33% төлейді. Бірақ алимент көлемі тапқан табысының 50% - нан аспауы керек.
- Түнгі сот ашудың қандай қажеттілігі болды?
Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы м.а Жанат ХАБАРОВ:
- Бұл шетел тәжірибесінен енгізіліп отыр. Жұмыс уақыты кешкі 22:00-ге дейін. Жол-көлік апаттары кезінде екі жақта келісіп, кінәләрін мойындап тұрса, істі бірнеше күнге созудың қажеттілігі қанша? Түсте жол апаты болса, іс кешке сотпен шешілді. Тиімді ғой.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор