9 тамызда Атырау қалалық мәслихатының кезекті сессиясы өтті. Депутаттар алдында Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан ҚАПАНОВ бірінші болып сөз алып, таңқаларлық нәрсені хабарлады: құжаттарда белгіленбеген, АМӨЗ-ден Сасықсайға дейін жүргізілген екі кәріз құбырлары табылған.
- Олар ауа сапасының мониторингі кезінде прокуратурамен бірлескен рейд барысында анықталды. Құбырлардың бірінің суағарынан зиянды заттар концентрациясының асып кеткені анықталды. Біз АМӨЗ-ді құбырларды бұзуға мәжбүрлеп, айыппұл салдық. Заң бойынша талап етілген нәрселердің барлығы жасалды.
Депутат Салтанат РАХИМОВА қаладағы мал сою пункттерінің қызметі туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, мал базарларында малды сәйкестендіру сырғаларынсыз жиі сояды екен. Сойылған жануарларға ветеринарлық паспорттар тапсырылмайды. Сәйкестендіру нөмірлері жоқ малды сою, мұндай етті сату – «Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру ережесін» бұзу, бұл ветеринарлық-санитарлық ахуалдың нашарлауына әкеледі.
Малға ұсынылатын құжаттарды талдау жұмыстары осы салада әкелінген және ұрланған малды заңдастырумен айналысатын қылмыстық топ бар деп болжауға мүмкіндік береді. Бұл Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда және Теректі аудандарының ветеринарлары берген анықтамаларға қатысты. Депутат ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру дерекқорынан бірнеше мысал келтірді. Барлық жағдайда сиырлар сатылған және есептен шығарылған, бірақ сәйкестендіру нөмірлері мал сатқан фермерде қайтадан пайда болады.
- Сойылған малдар «тіріліп кетеді». Міне, мысалы, 17 мамырда сиырлар Батыс Қазақстан облысында тіркеліп, сол күні ветеринарлық анықтама негізінде, құжаттарда көрсетілгендей, Атырауға Сейфуллин көшесі, 9 мекенжайындағы бордақылау пунктіне жіберілген. Бірақ, сиырлардың сою цехында сойылғанына қарамастан, олар дерекқорда бірінші иесінің меншігінде тұр. Бұған қоса, біздің қалада бұл мекенжайда бордақылау пункті немесе басқа да ауылшаруашылық мақсатындағы объект жоқ, - деді Рахимова. – Мұндай қызмет жануарлар сырқатының таралуына әкеледі және мал ұрлауға итермелейді.
Атырау әкімі Әлимұхаммед ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ:
- Бүгін біз екі маңызды мәселені талқыладық. Бұлар - кәріз, Сасықсай және қоқыс полигоны. Мал базарлары бойынша менің пікірім - олар қала сыртында жұмыс істеуі тиіс. Біз қазір тексереміз - егер мал базары нормаларға сәйкес келмесе, оны жауып, қала сыртына көшіреміз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ